Руханият

Жастардың тіл туралы айтары бар

Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуі тиіс. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік деген жастардың «Тіл біздің тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз» атты жиыны өтті. Жастар ресурстық орталығына келген қарағандылық тіл жанашырлары тіл мәселесін шешу жөнінде ұсыныс, жобаларын ұсынып, ой-пікірлерін айтты.

Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Атадан балаға мирас болып отыратын баға жетпес мұрасы. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің түлегі, ағылшын тілінің ұстазы Ернат Мелсұлы «тілді білу, өзімізге байланысты» дейді. «Қазақ тілін білу үшін басқа ұлттар үлгі аларлықтай жұмыстар жасауымыз керек. Мысалы, мен ауладағы қазақ тілі деген жобаны қолға алдым, пандемия кесірінен тоқтап тұр. Бірақ, бұл идеяны жүзеге асырамын» дейді ол.

Ашық алаңда аударма сапасы да сөз болды. Өндіріс саласында да қазақ тілін дамыту керек. Өйткені, ғылым мемлекеттік тілде сөйлемесе, арнайы оқулықтар басқа тілде жазылған болса, тіліміздің өркендей қоюы екіталай. Қарағанды облысы өндіріс аймағы екені белгілі. Бірақ, осы жерде бизнес, өндіріс саласындағы жұмыстардың 95 пайызы орыс тілінде жүреді. Неге? Өйткені, құлық жоқ. Сеңді қозғалту үшін мемлекеттік тілде оқулықтарды көптеп шығару керек. Жиында сөз алған жастар осы мәселелерге де тоқталды. Мысалы, жоғарғы оқу орындарына арналған ғылыми негіздегі кітаптарды не орысша, болмаса ағылшынша оқуға тура келеді екен. Ал, мемлекеттік тілде жазылғандары сапасыз аударма. Жарнама мен көше атауларындағы қате жазулар да жастардың сын садағына ілінді.

Мысалы, Киевка атауы Нұра болып өзгергенімен, автовокзалдан жүретін автобустарда әлі күнге дейін «Киевка» деп жазылып тұруы да тілімізге деген құрметтің аздығы ма дерсің?!

Аталмыш басқосуда Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын:

– Айтылған ұсыныстардын бәрі де орынды. Ассамблея тарапына сыни пікірлер көп айтылды. Дұрыс, бірақ мемлекеттік тілде жұмыс істелмей жатыр деп айта алмаймын. Барды бар деуіміз керек, бұрынғы жылдарға қарағанда жағдайымыз түзелді. Бізге керегі – бірлік. Тілімізге жанашыр болып отырсыздар, әр қазақ өз тілінде сөйлесе, басқа ұлттар да соларға қарап бой түзер еді. Біз тілге жанашыр болған жастармен қашанда бірігіп жұмыс істеуге әзірміз. Егер, арнайы жобаларыңыз болса, қағазға түсіріп әкеліңіздер, қолдаймыз, – деді. Жиынға арнайы келген Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Темірғали Көкетаев пен қалалық мәслихат хатшысы Бексұлтан Құдайбергенов мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде жастардың үлесі мол болуына тілектес екендерін айтты.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button