Жаңалықтар

«Ветеринар адамзатты емдейді»

Облыста 18 ветеринарлық станция және 195 ветеринарлық бекет жұмыс істейді. Келесі жылы желісі кеңейе түспек. Абай және Нұра аудандарында екі жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Алайда, бұл салада да проблемалар бар. Оларды шешу жолдары онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте талқыланды.

Эпизоотиялық жағдай туралы облыстың ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков баяндады.

Биыл жануарлар ауруларына қарсы 3,6 млн. екпе жасалды. 1,6 млн. диагностикалық зерттеу жүргізілді. 608,5 мың ірі қара бруцеллезге тексерілді.

Бес ошақта қабылданған сауықтыру шараларынан кейін шектеулер алынып тасталды. Нұра ауданында құс тұмауының өршуіне байланысты карантиндік іс-шаралар жүргізілді.

Облыста ауыл шаруашылық жануарларын сәйкестендіру жүргізілуде. Малдарға биркалар беріледі және жануарлар дерекқорға енгізіледі.

Соңғы үш жылда эпизоотиялық мониторинг жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша қолайсыз пункттердің төмендеуін көрсетіп отырғаны атап өтілді.

Өңірде тұрақты негізде фитосанитариялық бақылау жүргізіледі. Қарағанды облыстық карантиндік зертханасының мамандары зиянкестер мен қауіпті нысандардың баржоғына сынамаларды зерттейді.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті бақылауды күшейтуді тапсырды.

– Жұмыс жүргізіліп жатыр, нәтижесін көріп отырмыз. Бірақ, бірқатар өңірлерде әлі де белгілі бір проблемалар бар. Сондықтан, шараларды күшейту қажет. Бұл, тек эпизоотиялық жағдай ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button