Қамданған қапы қалмайды
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның онлайн режимінде өткен отырысында қысқы кезеңге дайындық мәселесі талқыланды. Қар құрсауында жиі қалатын жол учаскелері күшейтілген бақылауға алынады. Жол техникасын дайындау ерекше назарда. Тұрмыстық өрттердің алдын алу жұмыстарын да күшейту қажет.
– Тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірі бірінші орында тұрғанын бәріміз есте ұстауымыз керек. Қыс мезгіліндегі кез келген төтенше жағдай салдары ауқымды болуы мүмкін. Қорғау дәрежесі тек төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қана емес, барлық қызметтердің – әкімдіктердің, жол қызметтерінің, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және тағы басқаларының дайындығына тікелей байланысты, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы жылыту маусымының қауіпсіз өтуіне, автожолдарды қысқы мезгілде қадағалауға байланысты бірқатар тапсырмалар берді.
Қарағанды облысы төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қатпановтың айтуынша, облыс бойынша қардың түсу деңгейіне тәуелді автожолдардың ұзындығы 714 шақырымды құрайтын 525 учаскесі күшейтілген бақылауға алынады. Республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 28 жылыту пункті ұйымдастырылады.
Қысқы кезеңде азаматтық қорғау органдарының күштерін жұмылдыру жоспарлануда. Бұл – 3 мыңнан астам адам және 1 200 бірлік техника. Адамдарды эвакуациялау және құтқару жағдайларында жол талғамайтын көліктер мен вахталық автомобильдер бар.
Қысқы кезеңдегі проблемалардың бірі – тұрғын үй секторындағы өрттер және пешпен жылыту ақауларына байланысты улы газбен улану болып табылады. Облыс әкімі тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін кеңінен түсіндіруді, бірлескен рейдтер мен аулаларды аралауды жалғастыруды тапсырды. Әлеуметтік қорғалатын санаттағы адамдарға улы газ датчиктерін орнатумен барынша көмектесу қажет.
Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ өртке қарсы ерікті құралымдарды жабдықтау бойынша тапсырма берді. Аудандық әкімдіктер қажетті құралжабдықтар сатып алуға қаражат бөлуі тиіс.
ТЖД мәліметінше, облыс аумағында 26 техникалық жабдықталған өрт сөндіру бекеттері жұмыс істейді. Облыстық бюджет қаражатына биыл 20 бірлік заманауи өрт сөндіру автотехникасы сатып алынды. Жергілікті бюджеттерден шалғай елдімекендерге бөлінген 22 мобильді кешен сатып алу қаржыландырылды. Үш жыл ішінде тағы 21 өрт сөндіру бекетін құру жоспарлануда.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.