Орындалмаған талап талқыға түсті
Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясының кезектен тыс отырысы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өтті. Күн тәртібіне екі мәселе қойылды. Алғашқысында 2017 жылы кеншілер қойған талаптардың толық орындалмағаны айтылса, Шахтинск қалалық медицина мекемелерінің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлеріне тегін дәрігерлік көмек көрсетуден бас тартуы екінші мәселеге арқау болды.
Бұдан үш жыл бұрын кеншілер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығына бірқатар әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша, жалпы 28 талап қойды. Сол уақытта келісім комиссиясы құрылып, облыс әкімдігінің бақылауына алынды. Арада жылдар өткенмен кейбір талап әлі орындалмағаны белгілі болды. Мысалы, шахталарда қажетті қызметкер саны аз, автопарк толық жаңартылмаған, материалдық-техникалық жабдықтау да жүйелі жүргізілмеген болып шықты.
– Көмір департаментінде сегіз айда қызметкер саны 400 адамға қысқарды. Жұмысқа қабылдау да шектеулі. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі өткен автобустар кеншілерді әлі тасымалдап жүр. Қызметкерлерді орташа тарифтік мөлшерлемеге ауыстыру уақтылы жүзеге асырылмайды, – деді «Қорғау» кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз компания қойылған талаптарды орындаудан бас тартпайтынын мәлімдеді.
– Автопаркті тез арада жаңартуға қаржылық мүмкіндік жоқ. Кезең-кезеңімен жүзеге асырудамыз. Үш жыл ішінде бірнеше жаңа автобус, соның ішінде вахталық автобустар сатып алынды. Ал, 2021 жылы жаңа 20 техника алуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Андрей Черномазға отандық өндірушіні қолдап, Саран қаласындағы автобус шығаратын зауытпен келісімшартқа отыруды ұсынды. Жұмысқа қабылдау туралы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлер жөніндегі директоры Вера Терешкина:
– Шынында да, биыл наурыздан тамызға дейін қабылдау тоқтатылды. Бұл компанияның еңбек заңнамасының талаптарын тиісті түрде орындай алмауына байланысты болды. Емханалар мен біздің оқу орталығымыз жабылды. Тамыздан бастап жұмысқа қабылдау қайта жанданды. 76 қызметкер жұмысқа алынды, 75 үміткер кезекте тұр, 173 маман әлі қажет, – деп жауап берді.
Талқыға түскен екінші мәселеде, Шахтинск қалалық медицина мекемелері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қызметкерлеріне тегін дәрігерлік көмек көрсетуден бас тартқаны айтылды. Аталған қиындыққа Ленин атындағы және «Қазақстан» шахталарының кеншілері тап болған. Талқылау барысында МӘМС жүйесін реттейтін заңнаманың себеп болғаны анықталды. Іс жүзінде жұмыс беруші ай сайын аударым жасауы керек. Бірақ, көптеген қызметкердің бір айдан астам демалысы мен вахтасы бар. Сол уақытта жарна төленбей қалады. Осыған байланысты медициналық мекемелерде тегін қызмет көрсету мәселесі туындайды.
– Қазір бұл мәселе шешілді. Енді, пандемияға қатысты қабылданған шараға сәйкес бір төлем үш айға жарамды. Егер мұндай жағдай тағы да қайталанса, онда әр адам медициналық қызметке өз бетінше ақы төлей алады. Төлем ЕТЖ-ның 5%-ын құрайды, яғни, 2 125 теңге. Содан кейін компания бұл соманы қызметкерге келесі жалақы кезінде төлейді, – деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.