АймақБалқаш

Мыс зауытына тексеріс жүргізілуде

Балқаш қаласында кейінгі уақытта ауаның ластануы ұлғайып барады. Қолқаны алатын газдың иісі шаһарды жайлап, тыныс алу мүмкін болмай тұр. Мамандар өңірдегі кәсіпорындарды тексеруге кірісіп кетті. Сол үшін Қарағанды облысы бойынша экология департаментінен сарапшылар шақыртылған. Бұл туралы Балқаш қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қарағанды облысы бойынша экология департаменті Балқаштың мыс балқыту зауытын тексеруді бастады. Инспекторлар экоревизияны 10 күн өткізеді. Мыс балқыту және конвертерлік цехтардың технологиялық жабдықтарын тексереді. Анод пештерінде, екі түтін құбырында, санитарлық аймақтың шекараларында экологтар өлшеу құралдарын орнатты. Аппараттар бейорганикалық шаң, күкірт диоксиді, азот, азот оксиді және көміртегі бойынша шекті нормалардан асып түседі. Кеше мамандар жағдаймен танысып, қаладағы газданудың бірнеше себебін алдын ала белгіледі, – деді баспасөз қызметінің өкілдері.

Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Дамир Ромаевтың айтуынша, 9 қыркүйектен бастап күкіртті газдан күкірт қышқылын өндіретін күкірт қышқылы цехы жоспарлы жөндеуге тоқтатылған. Сондай-ақ, «Қазгидромет» РМК деректері бойынша, соңғы уақытта қолайсыз ауа райы жағдайлары салдарынан газ қалаға жайылған. Тазарту құрылыстарында газды тұту құрылғысы бұзылған.

– Күкірт қышқылы цехы тоқтаған кезде кәсіпорын өндірісті 40%-ға төмендетуі керек. Біз оны тексереміз. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Балқашта шаңның шекті рұқсат етілген концентрациясы – 3,8 есе, қалқыма заттар – 6,6 есе, күкірт диоксиді – 4,8 есе асып кеткен. Егер, елеулі бұзушылықтар, нормативтік көрсеткіштердің артуы анықталса, тиісті шаралар, оның ішінде, ұйым басшылығына әкімшілік ықпал ету шаралары міндетті түрде қабылданатын болады, – дейді Дамир Ромаев.

Айта кетейік, еліміздегі көлік қозғалысының көптігі, өндіріс ошақтарының санының артқандығы кейбір қалаларда ауадағы зиянды қалдықтар мөлшерін жылдан-жылға көбейтіп, таза ауамен тыныстау мұңға айналуы мүмкін. Соңғы уақытта мамандарды, әсіресе Балқаш пен Теміртау қалаларының экологиялық жағдайы қатты алаңдатып отыр. 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button