Жаңалықтар

Талқыда – бизнес мәселелері

«Атамекен» ҰКП Төралқа басшысы Тимур ҚҰЛЫБАЕВ Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшелерімен онлайн режимде кездесті. Кездесуде қос тарап бизнес мәселелерін талқылады. Қатысушылар өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Облыстың Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметі хабарлағандай, бұған дейін, сайлау нәтижесінде өңірлік кеңестің құрамы жаңартылған еді. Жаңа құрамның көтерген сұрақтарының басым бөлігі карантин мен локдаунның салдарымен байланысты болды. Кездесуде бизнесті қолдау құралдары туралы айтылды.

«Инкар-1» ЖШС құрылтайшысы Қуандық Нұрпейісов өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын одан әрі әртараптандыру қажеттігіне назар аударды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» бірыңғай заң әзірлеу міндетін қойды. Ол өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың негізгі қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындауы тиіс. Бұл бастаманы Қарағанды облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары толық қолдайды. Қолдаудың нақты шараларын заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет деп санаймыз. Мұнда жеңілдікті қаржыландыру, салық преференциялары, заттай гранттар, ішінара кепілдік беру, экспорттық қолдау тетіктері және басқалары қамтылуы тиіс, – деп атап өтті кәсіпкер.

ҚР Қылмыстық кодексінен «Жалған кәсіпкерлік туралы» бапты алып тастау – «Атамекен» ҰКП жетістіктерінің бірі. Алайда, сұрақтар әлі де бар. «АӘК» ӨК басшысы Төлеген Әшімов құрылыс фирмаларына қатысты негізсіз қылмыстық істер туралы айтты.

Құрылыстағы сметалық нормалардың өзгеруіне байланысты проблеманы «Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу қауымдастығы» ҚБ президенті Владимир Быков көтерді.

Тимур Құлыбаев бірде-бір мәселе орталық аппараттың назарынан тыс қалмайтынына тоқталып, алдағы уақытта тиісті шаралар қолға алынатынын айтты.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button