Аймақ дамуы – депутаттар назарында

Кеншілер мекені келбетінің келістілігі үшін халық қалаулылары өз ойлары мен ұсыныстарын жергілікті билікке жеткізіп, әлеуметтік һәм экономикалық мәселелердің шешілуіне дәйім мұрындық болып келеді. Кеше өткен облыстық мәслихаттың кезекті ХLII сессиясында депутаттар аймақ келешегі үшін маңызды мәселелерге қатысты тағы бірқатар шешім қабылдап, өздерінің ұсыныстарын аймақ басшысына жеткізді. Жалпы, сессия отырысында депутаттар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тиек етті. Халық қалаулылары Қарағанды облысында даму көрсеткішінің тұрақтылығын атап отыр. Сессия жұмысына 40 депутаттың 38-і қатысты. Онлайн өткен сессияның күн тәртібінде 10 мәселе қаралды. Олардың қатарында, облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебі, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті сақтау, Ленин көшесін Абай көшесі деп атау туралы және тағы да басқа маңызды мәселелер бар. Сессияның онлайн жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департамент, басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері мен мәслихат хатшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің облыстың тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі есебінен кейін ойларын ортаға салған депутаттар бүгінде Қарағанды аймағында дамуда тұрақтылық, оған қоса ілгерілеушілік барын атады. Әсіресе, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер қазіргі күрделі ахуалға қарамастан бір қалыпты деңгейде.

Сессия отырысында жария етілген деректерге сүйенсек, өнеркәсіпте 2020 жылдың 8 айының қорытындысында нақты көлем индексінің өсуі 102,6%- ды құрады. Жыл қорытындысы бойынша өсім кемінде 3%-ға жоспарланып отыр. Облыста жаңа инвесторлар іздеу бағытында жұмыс жүргізілуде. Биыл инвестиция көлемі 425,5 миллиард теңгені құрады.

Жыл басынан бері облыста алты өндіріс іске қосылған. Олардың қатарында алтын өңдеу фабрикасы, техникалық газ өндіру зауыты, жез зауыты және Hitachi Construction Corporation ірі габаритті техникаға қызмет көрсету орталығы бар. 2021 жылдың қаңтарына дейін тағы алты кәсіпорын пайдалануға беріледі.Халықты алаңдатқан денсаулық сақтау саласындағы жабдықтау да уақытпен үндесуде. Аймақ басшысы депутаттар корпусына індеттің алдын алу жөнінде және онымен күресте қолданылған шаралар туралы да мәлімдеген-ді.

Облыста 192 жасанды демалу аппараты, 2000 оттегі концентраторы, 25 рентген аппараты, 102 санитарлық көлік, 17 компьютерлік томография кабинеті, 25 зертхана жұмыс істеп тұр. Бұл зертханалар тәулігіне 4 мың тест жасауға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласын жабдықтау мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта тағы да 151 жасанды дем алу аппараты, 500 оттегі концентраторы, 40 рентген аппараты, 60 санитарлық көлік жеткізіледі.

Сонымен қатар, алдағы жоба-жоспарлар баян етілген отырыста депутаттар аймақтың дамуына қатысты бірқатар басымдықтарды айқындады. Дәлірек айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың табысты орындалуы, жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, соның ішінде, бастау алған жобалардың мәреге жетуі де бар. Әлеуметтік нысандардың құрылысы да депутаттар назарынан тыс қалған жоқ.

Сессияда сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Игорь Ахмеев халық қалаулыларының көкейіндегі осы ұсыныс-тілектерді баян етті.

Ол қазіргі ахуалдың барлық мемлекеттік ұйымдардың жұмысын түбегейлі қайта қарауды талап еткенін, соның ішінде, бірінші кезекте індетке қарсы тұру, одан соң экономиканы қалпына келтіру, облыс тұрғындарының табыс деңгейін сақтап қалу сынды өзекті мәселелердің туындағанын жеткізді. Ал, бүгінде сондай қиындықтарға қарамастан бюджет игеріліп, кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. «Мұның өзі атқарылған жұмыс деңгейін көрсетеді», – деді депутат.

Ағымдағы жағдай барлық мемлекеттік органдардың жұмысын түбегейлі қайта қарауды талап етті. Бұл, ең алдымен, КВИ-ге қарсы тұру, экономиканы және халықтың табыс көзін қалпына келтіру. Жыл соңына жеткеніміз жоқ. Соған қарамастан, бюджеттік қаражаттар игеріліп, кәсіпорындар жұмысын жалғастыруда. Дегенмен, бұл өткенді екшеп, болашақты бағамдауға жетерлік кезең. Егер тобықтай түйіндеп айтар болсақ, Қарағанды облысының дамуында тұрақтылық сақталды. Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде де, саяси өмірінде де тұрақтылық бар. Осы жылдың өткен кезеңінде өнеркәсіп көлемі 3, 4 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының өнімі 3,1 пайызға артты. Құрылыс жұмыстары 11,9 пайызға көбейді.

Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларында газтаратушы желілер салынып, Қарағанды, Балқаш, Теміртауда жылу желілерінің құрылысы жандануда, – дей келе, негізгі бағыттарды атады.

– Аймақтың одан әрі дамуы үшін нақты келесі бағыттарды айқындай отырып, жалпы депутаттардың ортақ пікірін білдіремін деген ойдамын. Біріншіден, барлық жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізіп, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Екіншіден – шағын және орта бизнесті қолдауды жалғастырып, әлеуметтік салада қолға алынған жобалардың мәреге жетуіне мүдделі болуға тиіспіз. Яғни, ол ауруханалардың, бес өңірдегі дене шынықтыру-сауықтыру орталықтарының, балалар демалысы нысандарының құрылыстары. Сонымен бірге, жеке қорғаныш құралдарының, дәрі-дәрмектің қорын қалыптастыру және эпидемиологиялық жағдай ушыққан кезде қолданылатын жеке жоспар әзірлеу, жаңа сандық инвестициялар мен қызмет көрсетулерді тартуға басымдық беру, – деді депутат.

Әлеуметтік саланы жақсарту жөнінде ұсыныс білдірген депутаттар денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің кең ауқымда дамуы тиістігіне назар аударды. Сондай-ақ, «Кезексіз емхана», «Дамумед»» жобаларын ғана емес, оған қоса, барлық емдік, алдын алу бағытын жаңғырту қажеттігін де еске салды.

Баспанамен қамту жайы да ұмыт қалмады. Олар облыста тұрғын үй құрылысының қарқын аларына сенімді. «Алайда, тұрғын үйге арналған жер телімдері инженерлік инфрақұрылымдармен қамтылуы тиіс», — дейді.

– Біздің алдағы уақытта тұрғын үй құрылысының қанат жая түсеріне күмәніміз жоқ. Дегенмен, баспана салуға берілген мақсаттағы жер телімдері инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілуі тиіс, — деді облыстық мәслихат депутаты Нұржан Иманов.

Сонымен қатар, депутаттар экология, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тәртіп және Ленин көшесін Абай көшесі деп атауға қатысты мәселелерді талқылады.

Қызғалдақ АЙТЖАН.