Безбүйрек қоғамның буллингтері немесе теперіш көрген бала көп
Баласына алаңдап, болашағы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ата-ана үшін, ең алдымен, оның қарнының тоқ болғаны, қатарынан кем болмай, ел алдында жарқырап жүргені. Маңдайынан күн өтпесе, табанына шөгір қадалмаса дейді. Басқа не керек?! Мектепте де ең басты талап – баланың қауіпсіздігі. Бірақ, бала қауіпсіздігі жайлы сөз бола қалғанда, психологиялық қауіпсіздік шетке ысырылып қала береді. Мәселен, ЮНИСЕФ мәліметтері әлемдегі 150 миллион бала құрдастары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын көрсетеді. Ал, 11 жастан 15 жасқа дейінгі әрбір 5-ші қазақстандық жасөспірім буллингтің құрбанына айналады екен.
Қала берді, смартфонның кеңінен тарауы, қарапайым буллингтен бөлек, кибербуллингтің пайда болуына әкелді. Жалпы, құрбанына психологиялық қысым көрсету арқылы өзінің үстемдігін танытып, қудалауға ұшырататын буллинг біз үшін таңсық болғанымен, оның қоғамда бар екенін мойындамасқа болмайды. Оның дәлелі – жасөспірімдердің бір-бірін соққыға жығып, оны смартфонға түсіріп, интернет желісіне таратуы.
Жалпы, «bullyng» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» дегенді білдіреді. Яғни, агрессия немесе күш көрсету арқылы өзгені қорлап, үстем екенін көрсетуі.
Тағы да ЮНИСЕФ деректеріне жүгінер болсақ, еліміздегі мектеп жасындағы балалардың 33%-ы мектепте психологиялық зорлық-зомбылық көрсе, 36%-ы мазаққа ұшырайды екен.
Баланың, яғни, буллердің құрбыларына мұндай қатыгездік танытуының себебін алыстан іздеп керегі жоқ. Үйдегі ахуал, әлеуметтік жағдай, мұғалімнің бір балаға басымдық беруі, тіпті, дене бітіміндегі кемшілік те буллердің құрбаны болуға соқтырады. Ал, құрбанға айналған баланың көңіл-күйін ең жақын адамдары – ана-анасының елемеуі жағдайды, тіпті, ушықтыра түспек.
Психологтар да балаға тікелей агрессия көрсетуден гөрі, оның қажеттілігін елемеу қайғылы жағдайға, яғни, баланың суицидке баруына итермелейтінін айтады.
Сымбат БЕРІКҚЫЗЫ, С.Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің психологы:
– Ата-ананың баланың көңіл-күйін, дұрыс тамақтануын қадағалау, ауыра қалса уақытылы ем жасау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәрізді қарапайым міндеттердің өзін дұрыс атқармауы баланың дұрыс жетілуіне, ақыл-ойының толысуына, психикасының мықты болып өсуіне кедергі келтіреді. Ал, үйде де өзін қауіпсіз сезіне алмай, жаны жабырқаған бала әлбетте, буллердің құрбанына айналып шыға келеді.
«Бала өзінен ерекшеленіп тұрғандарды ұната қоймайды», – дейді маман. Бұл жерде айтпағымыз, дене бітіміндегі ерекшелік, әлеуметтік жағдайы, болмаса, қымбат смартфонның болғаны ғана емес. Салдыр-салақ жүргеннің өзі де сыныпта мазақ болуға ұшыратады. Мұғалім тарапынан сыныптасына деген ерекше ықыласты көру де осы буллингке алып келеді.
– Бастауыш сынып оқушыларының арасында да бір-біріне қысым көрсету жиі кездеседі. Әрине, мұғалім ретінде оны бірінші байқап, алдын алу – біздің тікелей міндетіміз. Сондықтан, әр баланы қабілетіне қарай мақтап, мадақтап отыру осы бастауыш сыныптарда маңызды. Баладан өзгелерден ерекше болуды талап ету де дұрыс емес. Бұл оның міндетіне кірмейді. Ол өзіндік болмысымен ерекше. Әр отбасы балаларының жақсы қасиеттерін көре біліп, ынталандырып отырса, ертең ол құрбыларына зәбір көрсетуден де, құрбандыққа айналудан да алшақ болады, – дейді, №16 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлден Әбеуова.
Осы жерде бала үшін ең басты жауапкершілік ата-анада екенін ұмытпау керек. Қарапайым тілмен айтқанда, психолог бола біліп, баланың жағдайын қадағалап отыру маңызды. Буллинг жайдан-жай пайда болмайды. Ата-ана махаббатының мардымсыздығы, немқұрайлылық, моральдық құндылықтардың жетіспеушілігі, қатыгездіктің салдары осыған әкеледі. Ал, іштегі қыстыққан көңіл-күй құрбысына, өзінен кішіге, әлсізге әлімжеттік көрсету арқылы шығады.
Буллинг, әсіресе мектепте жиі кездесетіндіктен, оның себеп-салдарын анықтау мектеп психологынан кейін әлеуметтік педагогтың міндеті. «Егер оқушылар арасында бір-біріне күш көрсету, кемсіту тәрізді жағдайлар орын алса, алдымен себебін анықтауға тырысамыз. Ата-аналарымен сөйлесіп, жағдайды ушықтырмауға әрекет етеміз. Бұл жағдайда отбасының көмегінсіз ештеңе шешілмейді. Себебі, баланың көңіл-күйі ең алдымен ата-анасына тікелей байланысты. Ал егер сырттан болған буллинг болса, инспектордың көмегіне жүгінуге тура келеді» дейді әлеуметтік педагог Қымбат Жұмашова.
Балалық шақ көзді ашып-жұмғанша өте шығады. «Бүгін қолым тимей тұр, ертең уақытым бола жатар» деп, баланың қажеттілігін елемеу, ертең-ақ бармақ тістеттіреді. Ал, бала қолын созып, «мені дүниеге әкелші!» деп жалынған жоқ. Дүниеге әкелгеннен кейін перзентінің аяғынан нық тұрып, дені ғана емес, психикасының да сау болуына әр ата-ана жауапты.
Баланы әке-шешесіндей кім тани алады? Кім әкесіндей сыншы, анасындай қамқор бола алады? Мектептегі жұмыс өз алдына, бірақ, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін ешкім жоққа шығарған жоқ…
Салтанат ІЛИЯШ.