Коронавирус

Айжан ИМАНОВА: «Абай болған абзал»

Денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сай коронавирус инфекциясы көп таралған аймақ Қарағанды қаласы болды. Бұл ретте негізгі күш қаладағы емханаларға түскені анық. Сол себепті де емдеу мекемелерінде фильтр кабинеттері жабдықталды. Вирустың қандай да бір белгілері бар адамдар бірден сол кабинеттерге жіберіліп отырды. Сәйкесінше, мұнда тәуекел де, жауапкершілік те жоғары. №3 емхананың фильтр кабинетінде жұмыс істеген, емхана инфекционисі Айжан ИМАНОВА жұмыс барысы туралы былай дейді.

– Арнайы фильтр бөлімі коронавирус инфекциясы белгілері бар адамдарды қабылдайды. Онда негізінен клиникалық белгілерге баса мән беріледі. Науқастың жасы, созылмалы ауруларының бар-жоғы үлкен роль атқарады. Осындай көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру ықтималдығы жоғары адамдарды ПТР тапсыруға жібереміз. Жалпы, өткен маусым, шілде айларында емханаға келген 781 адамда – COVID-19, 2849 адамда пневмония анықталды. Оның 370-інде екеуі де кездесті. Қазір де келушілер бар. Карантин аяқталса да, фильтр кабинеттері жұмыс істей береді.

– Фильтр кабинетінде инфекция жұқтыру қаупі анағұрлым жоғары. Инфекциядан қалай сақтандыңыздар?

– Арнайы киімдер негізгі қорғаныш құралы болды. Тазалық сақтап, жақсы тамақтанып жүрдік. Вирус кез келген нәрсенің бетінде 4 сағатқа дейін сақталады. Сондықтан, жиі қолданатын нәрселердің бетін сүртіп отыру керек. Дегенмен, қанша сақтансам да инфекция жұқтырып алдым. Соңғы екі айда емхана қызметкерлерінің 72- сі вирус жұқтырды. Оның ішінде пневмония араласқаны да бар.

– Пневмония мен коронавирус инфекциясының айырмашылығы неде?

– Пневмонияның өзі бактериалды және вирустық болуы мүмкін. Бұл оны қоздырғыштарға байланысты. Бактериалды пневмонияны емдеуге антибактериалдық дәрілер ішеді. Вирустық түрінде ондай дәрілер қолданылмайды. Ол кезде қан құрамындағы лейкоцидтер түсіп кетуі мүмкін. Пневмонияны КТ әдісі арқылы ғана анықтауға болады. Бір айта кетерлігі, қанша емдегенімен пневмонияға шалдыққан өкпе өз қызметін бұрынғыдай атқара алмайды. Онда фиброз пайда болуы мүмкін. Сол себепті де біз өкпенің көп бөлігі зақымданған емделушілерді әрі қарай бақылау үшін пульмонолог дәрігерге жібереміз.

– Инфекция жұқтырып, оны жеңіп шыққан адам ретінде, бұл аурудың белгілеріне және одан емделу жолдарына тоқталыңызшы.

– Негізгі белгілері – дене қызуының көтерілуі, ентігу, бұлшық ет пен буындардың ауруы және әлсіздік. Бұл белгілер емделушілердің көпшілігінде кездесті. Кейбірінде дәм мен иіс сезбей қалған жағдай болды. Ол вирустың жеңіл, белгілерсіз өткен түрі деп саналады. Балалар мен жеткіншектерде іш өту байқалды. Енді қазір коронавирус әсерінен туындайтын «кавасаки синдромы» туралы айтып жүр. Ол әзірге ғылыми нақтыланбаған. Еміне келсек, нәрлі тамақ пен көп мөлшерде сұйықтық ішу. Стационарда жатып тыныс алу жаттығуларының да пайдасына көзім жетті. Бұл ауруда қозғалыс бірінші орында болуы керек. Себебі, аурудың ерекшелігі сол, ол қанды қоюландырады. Қан құрамындағы көпіршіктер жабысып қалып, тромбоз пайда болады. Ол инсульт, инфарктың пайда болуына алып келеді. Сондықтан да, емдеу хаттамасының соңғы нұсқасына антикоагулянттар, яғни, қан сұйылтатын дәрілер тағайындау енгізілді.

– Ал, жазылып шыққаннан кейінгі күтім қандай болуы керек?

– Емханаларда екінші жасаған ПТР тесті теріс нәтиже көрсетсе, науқасты шығарады. Оң нәтиже көрсетіп, бірақ, жағдайы жақсарса, екі аптаға үй карантиніне жібереді. Сондықтан, бұл аурудан жазылып шықты дегенімен, оның әсері біразға дейін сақталады. Мәселен, өзімнің ауырып тұрғаныма бір ай болса да әлі де әлсіздік, тершеңдік бар. Сонымен қатар, неврология жағына да әсері бар сияқты, адамның есте сақтау қабілеті нашарлайды екен. Ауырып шыққан адам күйзелістен сақтануы керек. Өзін-өзі шаршатпағаны абзал. Ішкі ағзалардың түрлі аурулары, қан қысымының тұрақсыздығы сияқты белгілер байқалуы мүмкін. Сондықтан, бұл вирустың қосымша аурулары бар адамдар үшін аса қауіпті екені есте болған жөн. Сол себепті де үлкен кісілер, аяғы ауыр әйелдер мен балалар үнемі бақылауда болуы тиіс.

– Еңбегіңіз елене берсін. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button