Жастармен жылы жүздесу

Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ және облыстық Volteq волонтерлық корпусының мүшесі, облыстық Birgemiz bilim бағыты бойынша жалпы ұлттық жобасының ұйымдастырушысы Дәурен РАХЫМБЕК Приозерск қаласының жастарымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында мемлекет тарапынан жастардың игілігі үшін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы айтылды. Оның ішінде, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалану, жастар игіліктері пайдалануға берілген спорт, мәдениет нысандары мен аула клубтары, коворкинг орталықтарының жұмыстарына тоқталды.

– Облысымызда білімге, өнерге, спортқа, кәсіпкерлікке ұмтылған жалынды жастарды қолдайтын көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Бүгінде жоғары жетістіктерге жетіп, облысымызды былай қойғанда елімізге есімдері белгілі талапты жастар жетерлік. Жалпы, қай кезде де жастарға тағылымы мол кездесулер ұйымдастырып, қоғамда жиі көтеріліп жүрген тақырыптарда пікір алмасып отырған өте маңызды деп ойлаймын, – деді Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Жетпісбаев.

Басқарма басшысы кездесуге келген жастардың жеке пікірі мен ойын біліп, қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуы, жастардың жаһандану заманындағы көзқарастарын, жобаларын тыңдап, басқа осы секілді мәселелер төңірегінде өзіндік ақыл кеңестерімен бөлісті. Жастар өздерінің көкейлеріндегі толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Жиын соңында облыс әкімінің Грантына өтінім берген қатысушылар, Zhasproject жобасы бойынша жеңімпаз атанған жобалардың көшбасшылары, Asar волонтерлық корпусының мүшелері, «Жасыл ел» еңбек жасақтары ашық әңгіме мен жылы жүздесу үшін алғыстарын айтып, ерекше әсер алғандарын жеткізді.

Сонымен қатар, Нұржан Арғынұлы Приозерск қаласының өткен жылы қала әкімінің Гранты аясында 2 млн. теңгені құрайтын қайтарымсыз қаржыға шағын наубайхана ашқан жеке кәсіпкер Шерхан Ерғалиевпен кездесті. Сонымен қоса, «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы 200 АЕК көлемінде грантқа «Almaty Doner House» орталығын ашқан жеке кәсіпкер Сырым Пердебаевтың жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкерлерге облыс әкімінің Грантына өтінім тапсыруға ұсыныс берілді.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.