Жаңалықтар

Берілген мерзім – 1 қыркүйекке дейін

Үкімет Армениядан әкелінген көліктерді уақытша тіркеудің уақытын созған еді. 1 маусымнан бастап, құзырлы орган да, жауаптылар да жұмысқа кіріскен. Соның нәтижесі – ҚР ІІМ қазіргі уақытта 6 мыңнан аса көлік сары нөмір алғанын хабарлады. Оның ішінде Қарағанды облысы 327 көлікті уақытша тіркепті. Ал, ат- тонын ала қашып жүрген азаматтардың саны да басым екенін айта кеткен жөн. Ел бойынша үштен бірі ғана заңдастырылған. Тоғыз күн уақыт қалыпты. Заңның бәріне бірдей екенін тағы айтқан жөн-ау…

Бүгінгі күнге дейін Қарағанды облысының аумағына әкелінген армениялық 717 көліктің 327-сі тіркелді. Оның ішінде 186-сының тіркеу талаптарына сай келмейтінін айта кеткен жөн. Аз уақыт қалды. Азаматтарға көліктерін жеделдетіп тіркеуге кеңес береміз. Ол үшін жергілікті жердегі Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгінгені дұрыс. Мынадай құжаттар өзімен бірге болу керек: жеке басын куәландыратын құжат, мемлекеттік тіркеу үшін 0,25% айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде алым және 11946 теңге мемлекеттік баж салығы төленгені туралы түбіртек, Армения Республикасының уәкілетті органында берілген көлік құралын тіркеу туралы куәлігі, – деді бізге берген мәліметінде облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әлібек Мейрамов.

Сондай-ақ, карантин шараларының жеңілдетілуіне байланысты 17 тамыздан бастап, ХҚКО жұмыс кестесі өзгергенін хабарлайды. Дүйсенбі-сенбі күндері құжаттарды қабылдау уақыты сағат 09.00-ден 18.00-ге деп белгіленген. Және ХҚКО-да полиция қызметкерлерінен 87784444755 және 8(7212)772663 телефондары арқылы кеңес алуға болады.

«Тіркеуден өтпеген жағдайда, көлік иелері ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал, көліктері айыппұл тұрағына қойылады. Акция аяқталғаннан соң көліктер утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу, сондай-ақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес кедендік баж салығын өтеп барып қана тіркеледі» дейді Әлібек Мейрамов.

Уақытша тіркеуді тағы да созу туралы әңгіме Үкімет басшылығында қарастырылып жатқан жоқ. Бұл берілген мерзім мүмкіндігін тиімді пайдаланған жөн. Ертеңгі күні опық жеп, өкініп қалмас үшін көлігіңізді заң шеңберінде рәсімдеп алғаныңыз абзал…

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button