Індеттің зұлматы
Әлемді жайлаған індет адамзат баласын ауыр қайғыға душар етіп жатыр. Бұл дерттің алдында озық технологиясы бар, дамыған мемлекеттердің өзі дәрменсіз болып отыр. Соңғы кездері осы инфекцияның соншалықты ушығуы салдарынан ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жарандардың арасынан қаза тауып жатқандары да бар. Әсіресе, менің жаныма қатты батқаны, соңғы бір-екі айдың ішінде жақсы, ел қадірлейтін, өз еңбектерімен елге сыйлы, абзал азаматтар дүниеден мезгілсіз қоштасып жатқандығы…
Солардың арасында, сонау 1960 жылы студенттік шақтан достасқан Қаби Қошанов пен жарты ғасырдан бері сыйлас жақын досым Елубай Абжановтың бар екендігі жанымды ауыртады. Қаби қатардағы маманнан шаруашылық басшысына дейін адал еңбегімен көтеріліп, өндірістік құс шаруашылығын өркендетуге алғашқылардың бірі болып атсалысты. Бұқар жырау бабамыздың тікелей ұрпағы екені кішіпейіл мінезінен, дархан қөңілінен білініп тұратын. Ал, Елубай шалғайдағы ауданда дәрігер болып жүріп, ғылым кандидаттығын қорғады. Облыс орталығындағы кардиоорталықтың ашылуына бас-көз болып, сол аурухананы 17 жыл басқарып, өмірінің ақырына дейін жас мамандар дайындауда өз тәжірибесімен үлгілі еңбек етті.
Осындай көпжылдық табанды еңбегі үшін 2020 жылы Медицина күніне орай облыс әкімінің ең жоғарғы сыйсияпатына ие болды. Қасиетті Қарқаралы өңірінен үлкен ағаларымыз, ел абызы атанып келген Сүндет Мұқашев, Мағауия Мәкішев – біреуі ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері, іскер басшысы болса, Мақаң білім беру саласының білікті маманы болды. Жүрген орталарына, адамгершілік, әдептілік, иман нұрын сеуіп жүретін ағаларымыз еді.
Ауыл шаруашылық өндірісінің өте білгір, басшы-мамандары Жұмабай Жолдасбеков, Төлеутай Тілегенов, еліне қадірлі азамат Жаңбырбай Амандықов ақсақалдар да 1960 жылдардан елмен қоян-қолтық араласып, қызмет атқарған, елге еңбектері сіңген, қимас азаматтар еді. Мен осы азаматтармен иық тіресе жүріп, көп жылдар жұмыс атқардым.
Ерекше уайымға батырып кеткен Сағынбай Сыпатаев ағамыз көп жылдар Қарағайлы кен байыту өндірісінде Бас энергетик болып қызмет атқарып, Қарқаралы өнірінің экономикалық дамуына өз үлесін қосқан азамат. Және де Лазарь Қалиев досым мен ел арасында аңызға айналған тарихи тұлға, көненің көзіндей болған алып денелі Тұяқ Ысқақов інім. Жан бауырларымның денсаулықтарында ертеден кінәрат болғандықтан, соның асқынуының кесірінен өмірден озды. Тұяқ жас болса да, елінің ата дәстүрін жетік білетін, достарына сыйлы, отырған ортасының бетке ұстар білгірі, атбегі, құс ұшырып, тазы баптаған еліміздің белді, аптал азаматы еді. Лазарь – Қарағанды қөмір өндірісінде көп жылдар еңбек етіп, зейнет жасына дейін кәсіподақ училищесі демалыс орталығын басқарып, мамандар даярлауға үлес қосты. Жүрген ортасының алғыр азаматы-тын.
Ендігі айтпағым, марқұмдардың отбасына, туған-туыстарына достық, туысқандық көңілмен қайғыра отырып, көңіл айтамын. Олардың үлгілі адами қасиеттері ұрпақтарының бойынан табылып, өсіп-өнуді Алла нәсіп етсін!
Халқыма айтарым, бір-бірімізге жанашыр болып, мынау індет әкелген нәубетті жеңіп шығуға жазсын!
Т.ШАХАРБАЕВ.
Қарқаралы ауданының Құрметті азаматы.