Құнды кітап ел мүддесінде
Облыстық мемлекеттік мұрағат үлкен істерге үнемі мұрындық болып келеді. Еліне еңбегі сіңген тау тұлғалы азаматтардың құжаттарын жинап, келешек ұрпаққа насихаттауда. Аталмыш мекеме жыл басталғалы көптеген ілкімді істердің бетін қайырып, нүктесін қойды. Осы уақытқа дейін атқарған жұмыстары ауыз толтырып айтуға әбден лайық. Ал, осы жолы Қарағанды қалалық әкімдігі, қалалық мәслихаттың қолдауымен Жеңістің 75 жылдығына арналған «Солдаты Победы» кітабының тұсауын кесті. Бұл еңбекте бұрын соңды есімі аталмаған 7 906 соғыс ардагерлері жайлы тың ақпараттар қамтылған. Кітаптың тұсау-кесер шарасы билік өкілдері мен облыстық ардагерлер кеңесі ұйымының қатысуымен өтті.
Кітапқа қажет мағлұматтарды жинақтауға 5 айға жуық уақыт кетіпті. 200 данамен жарыққа шыққан туынды екі бөлімнен тұрады. Мұндағы деректер облыстық мемлекеттік мұрағат қорынан алынған. Соғыстың бірінші күнінен бастап есептегенде, аймақтан 70 мыңға жуық адам майдан даласына аттанған екен. Қазіргі таңда солардың арасынан 59 соғыс ардагері мен 80 тыл ардагері ғана ортамызда.
Еңбектің алғашқы бөлімінде қарағандылық Кеңес Одағының Батырлары, «Даңқ» орденінің иегерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы өмірбаяндық мәліметтер қамтылған. Ал, екінші тарауында 1941 жылы әскерге шақырылған қарағандылықтардың тізімі, эвакуациялық ауруханаға жұмысқа жіберілгендер, әскери мектептерге, курстарға, құрылыс батальонына, жұмысшы колонналарына жіберілгендер мен әскери қызметке тартылмаған адамдардың тізімдері жарияланған. Ал, мұндағы тізімдер бұрын-соңды еш жерде айтылмаған, жазылмаған көрінеді.
«Біз үнемі соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлерімен тығыз қарым-қатынастамыз. Бүгінгі таңда ол кісілердің қатары азайып барады» – деп, осы үлкен дүниені қолға алмас бұрын Жаңагүл Жәрекқызы өз ойымен бөлісіп еді. «Біз, еш ойланбастан қолымыздан келгенше көмек көрсеттік. Кітапты мерейтой қарсаңында шығарамыз деп жоспарлағанбыз. Әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз уақытынан сәл кешіктіріп алдық. Ардагерлеріміздің ерліктерін насихаттайтын – ұрпақтары, келешек буын өкілдері. Ал, олар үшін бұл кітап шынайы естелік» – деді қалалық маслихат депутаты Юлия Бадина. Іс-шара аясында «Ер есімі – ел есінде» атты тарихи құжаттық көрме ұйымдастырылды.
Мұндағы дүниелер соғыс ардагерлері атты қордан алынып, көпшілік назарына ұсынылған. Майдан даласында жазылған хаттар, фотосуреттер, жеке құжаттар мен басқа да құнды дүниелерді көруге болады. Ал, мұнда тұрған құжаттардың өзіне 75 жыл болыпты. Қаншама жыл өтсе де, қаз қалпында. Назар салып қарасаң, майдан даласын көз алдыңа келтіреді.
«Қарапайым бір мысал келтірейін. Осы құжаттарды жинақтау барысында өзімнің қайын атамның аты-жөні жазылған құжаттарды тауып алдым. Шет ауданының тумасы екенін білетінбіз. Ал, осы құжаттар арқылы Қарағанды шахтасында жұмыс істегенін анықтадық. Осы уақытқа дейін бұл ақпараттарды білмеген едік. Ардагерлердің әлі ешкім біле бермейтін құжаттары сақталыпты. Олардың барлығын мына кітапқа да енгіздік. Мекемеге келіп, қосымша ақпарат алуға да рұқсат» – деді облыстық мемлекеттік мұрағат басшысы Жаңагүл Тұрсынова.
Ербол ЕРБОЛАТ.