Руханият

Адалдық шырақшысы

Қасиетті Ақтоғай топырағы талай тұғырлы тұлғаларды дүниеге әкелген жер. Адамның жаратылысы туған топырағымен тікелей байланысты десек, «Елім!» деген Алаштың небір арда азаматтары осы мекеннен түлеп ұшты. Бұл топырақта – кие бар, қасиет бар. Қазыналы өңірден шыққандардың осалы жоқ. Біздің кейіпкеріміз, халық қалаулысы Төлеужан (Төкен аға) АХМЕТБЕКОВ те сол топырақтан. Бүгінде 70-тің желкенін керіп отырған Төкен ағамыз бүкіл саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған аптал азамат. Ендеше, оның «адалдық» дейтін асқақ әлемімен бірге танысайық…

ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН ЕР

Төкен ағаның жұмыс бөлмесіне кіргеннен-ақ, өз ісіне ұқыпты, терең білімді жан екенін байқадым. Кітап толы сөрелер, жазу үстелінде тұрған түрлі жазбалар қызықтыра түсті. «Адамды билік өзгертеді» дейді ғой. Ал, Төкен ағаны өзгерте алмаған. Туған жердің топырағымен, әкенің қаны, ананың сүтімен келген тектілік – адамгершіліктен аттатқан жоқ. «Елге бастықпын» деп емес, «бұқара халық қызметшісімін» деп өмір сүрді. Ешкімнің ала жібін аттаған жоқ, ақысын жемеді. Соның арқасында, бүгінде ел ішінде абырой-беделге ие аузы дуалы ақсақал. Ағайын-туыстың ұйытқысы, бір әулеттің тірегі.

Төкен аға 1950 жылдың 21 тамызында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қуаныш елді мекеніндегі Найзатас тауының етегінде туған. Әкесі Ахметбек Сыздықов колхоз шаруасы, шопан, ал анасы Жәмила Сыздықова көмекші шопан болған.

1957 жылы Қуаныштағы № 11 мектептің (қазір Сәтибек Ибраев атында) табалдырығын аттап, оныншы сыныпты 1967 жылы аудан орталығындағы № 1 М.Горький атындағы орта мектептен (қазір Әлихан Бөкейханов атында) бітірген.

Сол жылы, Алматыдағы қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, ауыл шаруашылығының есеп-қаржы мамандығы бойынша 1971 жылы аяқтап, 1972 жылдан еңбекке араласыпты.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, мектепте оқып жүргенде-ақ, кеңшардың мал азығын дайындау науқанында тіркеуші болып жұмыс істейді. Ал, жоғары сыныптарда жазғы демалыста трактор айдап, шөп шапқан.

Жоғары білім алып келген соң, Қаратал кеңшарына экономист болып орналасады. Әйтсе де, мал қыстату науқаны, қой қырқымы, қырман жұмысы сынды бітпейтін шаруашылықтарға жиі жіберіліп отырған. Есесіне ысылып, қайнаған еңбектің арасында шымыр болып өседі.

ЕСЕПШІЛІКТЕН – ӘКІМДІККЕ ДЕЙІН

1972 жылы Ақтоғай аудандық ауыл шаруашылық басқармасына тексеруші-бухгалтер, кейін осы басқармада есеп-қаржы бөлімінің басшысы лауазымында 1981 жылға дейін еңбек еткен. Алайда, осы он жыл ішінде тек есеп қызметкері емес, аудан шаруашылықтарының өміріне де араласып, алдыңғы аға буын тәлімгерлердің арқасында тәжірибе жинақтағанын атап айтқан жөн. Өмірдерегінен байқағанымыз, осы лауазымда ғана ұзақ қызмет еткен, басқалары 5 жылдан аспапты. Мұның өзі мамандыққа адалдығы дер едік.

1981 жылы аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілігіне, 1984 жылы аудандық тұтыну қоғамының басшылығына сайланады. Сауда саласы да өз алдына бір мектеп десек, коммерциямен айналысуға болмайтын кез еді ғой – бұл. Ел бар қажетін тек осы ұйым арқылы шешетін-ді. Сол кезде ауданда тұңғыш кондитер және лимонад цехы, тауар сақтар қоймалар мен тұрғын үйлер, жаңа наубайхана құрылысы да басталған. Елдің қажеттілігін жан-тәнімен сезіп, осы құрылыстарға белсене араласып, адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті.

Ал, 1987 жылдың аяғында Төкен аға аудандық агроөнеркәсіптік бірлестікке жұмысқа оралып, қайта құру кезеңінде аудан шаруашылықтарына өзін-өзі ақтау, тиімділікті арттыру ұстанымдарын жүзеге асыруға белсене атсалысады. Бұл қызметті агроөнеркәсіптік бірлестіктің төрағасының экономика жөніндегі орынбасарлығымен аяқтап, 1989 жылы Ақтоғай аудандық Совет атқару комитетінің төрағасының ауыл шаруашылығы жөніндегі бірінші орынбасарлығына ауысқан. 1990 жылы Ресейдің Новосібір қаласындағы әскери училищеде үш айлық офицерлерді қайта даярлау курсынан өтіп, запастағы капитан шенін алғаны да бөлек әңгіме. 1991 жылы атқару комитеті таратылып, Ақтоғай аудандық кеңесі құрылғанда аудандық кеңес төрағасының бірінші орынбасары болып сайланады. Байқап отырсақ, Төкен аға көбіне басшының бірінші орынбасары қызметінде болған. Мансапқа ұмтылмай, өз аяғымен келген лауазымды абыроймен атқарып, мекемені сол саладағы алдыңғы қатарға шығарып отырған.

Бұл оның білімділігі мен еңбексүйгіштігін көрсетеді. Өйткені, мекеменің бар жұмысын басшы орынбасарының жүргізетіні елге аян. Сондықтан, кез келген басшы алдымен өзіне сенімді әрі білімді Төкен аға сияқты орынбасар іздейді…

Тәуелсіздік алған соң, жаңа басқару жүйесі орнаған тұста, 2 ай жұмыссыздықтың дәмін татып, Алматыдағы құрылыс акедемиясы жанындағы бизнес мектебінің жеделдетілген курсын бітіріп, 1992 жылы Алматы қаласындағы республикалық әмбебап «Алма» тауар биржасында Ақтоғай ауданының брокерлік кеңсесін ашуы – ерлікке тең. Аудан шаруашылықтары мен мекемелерін, берілген тапсырыстарына сай техника мен құрылыс материалдарымен тәуелсіз қамтамасыз етуде алты айда елеулі жұмыстар атқарылып, брокерлік кеңсе өз шығынын артығымен ақтап, аудандық «Казагротехника» бірлестігіне жақсы пайда түсіреді. Биржадағы еңбегі мен нарықтағы ұстанымдарды сақтаудағы ұқыптылығы үшін, республикалық «Алма» әмбебап тауар биржасының «Құрметті брокері» атанғаны қандай міндет атқарса да табандылықтан таймағанын айғақтайды.

Сол жылы Ақтоғай ауданында ашылған ҚР Қаржы министрлігінің қаржы-валюталық бақылау Комитетінің бөлімшесіне басшы болып келіп, оны облыстағы мақтаулы бөлімше санатына көтерген. Сонда жүріп, ел ақсақалдары сеніп тапсырған атақты Шабанбай бидің мазарын қайта жаңартуға жетекшілік етеді. Бұл да ата-баба мен қасиетті ел жадындағы тұлғаларға деген құрметінің бір белгісі екені анық.

1996 жылы аудан әкімінің бірінші орынбасары, ал 1997 жылдан Қарағанды мен Жезқазған облысы біріккен тұста, Ақтоғай ауданының әкімі болып тағайындалады.

Байқасақ, аудан әкімі болғанша қаншама сатыдан өткен. Бұл жұмысқа деген ұқыптылық пен адалдықты көрсететін абзал қасиеттер. Қазіргі кейбір жастардың оқу бітіре сала ауданға әкім болғысы келетінін ескерсек, Төкен ағаның өз лауазымына деген ішкі биік талғамы мен жоғары жауапкершілігін және әдеп қағидаттарына жетіктігін сеземіз.

– Ол бір алмағайып мезгіл еді. Аудан бюджеті небары 180 млн. тенге. Тек, Ақтоғайда емес, кең байтақ республиканың қала, аудан, елді мекендерінде, қоғамның жаңару үрдісінде, қаншама қиындықтар болды. Бірақ, халықтың сабырлылығы мен ақылы, бар қиындықты жеңіп, қазіргі бейбіт заманға қол жеткізді. Жұрт нарыққа төселді, тәсілін меңгерді. Еңбегінің дәмін татып, ерінбей ебін тапса молшылық өз қолында екеніне бұл күнде көзі жетті, – деп еске алады өзі.

ҚАНЫНДАҒЫ ҚАЙРАТКЕРЛІК

Сонымен қатар, Төкен аға Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков сынды Алаш ардақтыларына республикада тұңғыш рет «Күн көсемнің» орнына ескерткіш отырғызуға бастамашы, әрі жүзеге асырушы болғанын да мақтанышпен еске алады. Бұл кешегі алмағайып заманда қазақтың тәуелсіздігіне тұңғыш түрен салған, сол үшін тотолитарлық жүйенің құрбанына айналған ардақтыларымыздың алдындағы өтелмеген борышымыздың бір парасындай елестеді бізге…

Кейіпкеріміз 2001 жыл Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының халыққа әлеуметтік көмек көрсету бөліміне басшылыққа ауысып, қала өміріне араласа бастайды. Алғашында оңай тимесе де, намысқа тырысып еңбек етіп, қысқа уақыт ішінде бұл бөлімді де жетекші орынға шығарады. Қала басқару құрылымы өзгеріп, Қарағанды қаласы әкімінің шақыруымен қалалық ішкі саясат бөліміне 2005 жылы басшылыққа келіп, қажырлы еңбек етеді. 2008 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының экономика жұмыстары жөніндегі орынбасарлығына тағайындалып, 2013 жылдың тамызына дейін, яғни, зейнетке шыққанша тапжылмай адал жұмыс істеді.

Бір айта кетерлігі, Төкен аға жоғары оқу орнын бітіріп келген 1972 жылы бұл ғимарат облыстық ауыл шаруашылығы ғимараты болыпты. Сол жылы осы ғимараттан жұмысқа жолдама алған Төкен аға, 2013 жылы осы жерден зейнетке шығады. Бұл да жай сәйкестік емес, Алланың алқауы дер едік.

Зейнетте жүріп те, үш жыл «Қарағанды су қоймалары» облыстық мемлекеттік мекемесінде инженерлік қызмет атқарған. Жалпы еңбек өтілі – 45 жыл болса, мемлекеттік қызметте – 41 жыл.

Өзіне тапсырылған жауапты қызметті адал орындауының арқасында атына дақ түсірмеді. Еңбек жолында атақ пен марапатқа қызықпай, қандай міндет атқарса да, соған лайық болуды мақсат тұтты. Ерен еңбегі ескеріліп, алған марапаттары да баршылық. Мәселен, ҚР Президентінің 1998 жылдың 17 тамызындағы Жарлығымен берілген «Астана» медалі, 2011 жылдың 10 қарашасындағы Жарлығымен табысталған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалі, 2010 жылдың тамызында табыс етілген Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы және ресми орындар мен қоғамдық ұйымдар тарапынан мерейтой мен лайықты өткізілген шараларға белсене араласқаны үшін көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған.

Сондай-ақ, әдебиет пен өнерге де бүйрегі бұрып тұрады. Қазақтың Жұмекен, Жарасхан, Мұхтар сынды аймаңдай ақындарымен де жақсы сыйластықта болыпты. Жұмекен Нәжімеденов Төкен ағаның өлеңдері жазылған қойын дәптеріне арнайы қолтаңба да жазып берсе, Фариза Оңғарсынова да ағамыздың ақындығын жоғары бағалапты. Ақтоғайға әкім болған кезінде бір жиында кезігіп, «Сені әкім болған дей ме? Онда нең бар, онан да өлеңді дамытпадың ба?» деп жанашырлық танытыпты. Көңілі толқыса, әлі де қолына қалам алады, арасында ән де айтады. Оған аты аңызға айналған «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің мүшесі болғанын қосыңыз. Жуырда жыр жинағы мен естелік кітабы да жарыққа шықпақ екен.

АСҚАР ТАУ ӘКЕ, АРДАҚТЫ АТА

Төкен аға отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген асқар тау әке. Бәрі де салиқалы, жоғары білімді, отбасылы. Немерелерінің алды жоғарғы оқу орындарын бітіріп, жемісті еңбек етуде. Немереден шөбере сүю бақыты да бұйырған ардақты ата. Отанасы Сәуле Алтынбекова апайымыз саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған аяулы ана, құрметті әже. Төкен ағаның Сәуле апайға арнап жазған нәзік сезімге толы жырлары да бар. Екеуі сыйластықта қол ұстасып, бақытты ата-әже болып, өмір сруде.

Туған жерімен хабарын үзбей, бауырлары, сыйлас, қадірлестерімен үнемі байланыста.

Қазір зейнеткерлік демалыста болса да, «індеттен халқымыз тезірек шығып, Отанымыздың іргесі шайқалмаса екен» деп үнемі елдің тілеуін тілеп отырады.

ТҮЙІН

Төкен ағаның тағы бір қыры жас кезінде кір тасын көтерумен әуестеніпті. Бұл қызығушылығы әлі де бар. Жаттығу бөлмесінде түрлі салмақтағы кір тастарын көріп, таң қалдық, шынымен. Бұған қоса, күреспен де айналысқан. «Әйтеуір тұрам, бір жігіт тұрған жерге мен!» (Т.Айбергенов) демекші, жігіттің төресі болған Төкеңнің әлі де қартайып тұрғаны шамалы. Қозғалысы – тың, ойы – тұнық.

Зейнетке шыққалы бері жақын досы Науан Дәрімбаев екеуі отбасы мүшелерімен еліміздің ең көрікті жерлерін жылына бір рет аралауды үрдіске айналдырғаны тағы бар. Бүгінге дейін Талдықорған қаласының маңайындағы, Шығыс Қазақстан және Алматы облысы маңайындағы табиғаты әсем, тарихи орындарды аралаған. Биыл «Батыс аймаққа Бекет атаның еліне барамыз» деп отырғанда карантин кедергі жасаған. Бұдан басқа да ойға алған ізгілік жолындағы істері баршылық. Зейнетке шыққан соң, екінші тынысы ашылған елінің елеулісі Төкен аға осылайша, өзінің азаматтық болмысымен де, жақсылыққа құмарлығымен де жан-жағына нұрын шашып жүретін абызға айналған. Бір сөзбен айтсақ – адалдық шырақшысы!

Табиғатынан көпшіл, салмақты, сырбаз, сегіз қырлы бір сырлы, көненің көзіндей болған, ел аманатына адал Төкен ағамызды желкенін кере жеткен 70 жасымен құттықтап, ұзақ өмір, мықты денсаулық тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button