Руханият

Түкпірдегі шолақ көше

Қара киік жылының доңғалағы дөңгелеп қазан айының ортасынан асқанда Көк теңіздің де кілегей қаймағы қалыңдай түскен кез еді. Керегедей керілген қасиетті Шыңғыстаудан асып келген ағайындарды болат жолдың аялдамасынан таң шапағында қуана қарсы алғанбыз. Олар тақ сан екен.

Олар – Сарыарқаның саңлақ шежірешісі һәм Абай елінің тарихи тұлғаларының өмірін он шақты кітапқа арқау еткен жазушы, «Абай», «Ақсуат» аудандарының «Құрметті азаматы», ардақты ағамыз Молдабек Жанболатұлы, өз заманында Абай елінің төрт генералы атанған абырой иесінің бірі Көкбай кеңшарының директоры, ауданның Құрметті азаматы Сайлау Кошкин және қос ақылман ақсақалдың жолын бастап келген Абай аудандық мәслихат хатшысы Ерлан Ылдыбаев бауырымыз еді.

Сұңғыла жандар ғой! Ат басын дастарханы жайнап, буы бұрқыраған үйге бұрмай Қараменде баба ескерткішіне құрмет көрсетіп, ізгілік жасаған-ды. Талма түс кезінде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы шаһарынан келген тілеулес ағайындар мен қала тұрғындары үшін «Айлин» мейрамханасында Молдабек Жанболатұлының «Қараменде би» атты кітабының тұсаукесер шарасы да басталып кеткен-ді.

Кітап болғанда қандай! Молдаш ағаның екі жыл түн ұйқысын бөліп, көз майын сарп еткен «Қараменде би» кітабының қалыңдығы үш елі қазыдай, көлемі түйенің төстігіндей салмақты да, құнды дүние екен. Бұл рухани жаңғырудың шуақты сәттерінің бірі еді.

Арқа-жарқа сыртқа шыққанбыз. Қазан айында халықтың жаппай қара қазанды көтеретін кезі ғой. Өктем желдің ызғары да күшейе түсіпті.

– Сонау шалғайдан келгенде Абай ескерткішіне маңдайымызды тигізіп, көшесін бойлап тағзым етсек болар еді деп Ерлан Арынұлы тепшіген маңдайын алақанының сыртымен бір көсіп өткен-ді.

Жетпіс сегіз мыңдай халқы бар Балқаш қаласы сияқты ірі өндіріс орталығында ұлы Абайға лайықты көшенің әлі бұйыра қоймағанынан қонақтар бейхабар болса керек. Денем тоқ соққандай дір еткен. Айтуға сөз, көрсетуге бет жоқ. Абай атамыздың:

Бетті бастым,

Қатты састым,

Тұра қаштым жалма жан, – деген өлең жолдары тіліме үйіріле қалған. Абырой болғанда Қараменде ұрпағы Шахман Көпбаев бұза-жара сөзге килікті.

– Мұндағы ағайындар үй көрсетіп, дәм татқызамыз деп бірінен соң бірі дайын отыр. Ертең ертелетіп Ақтоғайға аттанып Қараменде бабамызға қатым-құран түсіруді жоспарлап қойғанбыз. Уақыт өлшеулі, әр жағын көре жатармыз, – дегенде «Уһ!» – деп шыпшып шыққан маңдай терімді сүрткенмін. Абай көшесінің бұрынғы көрінісі көз алдымнан көлбеңдеп кетер емес.

…Қала қақпасына кіре берістің оң қапталында «Рабочий» поселкесінде он шақты көше болатын. Соның бірі – Абай көшесі. Сонда ер жеттім. Түс қайта қос доңғалақты арбаны салдырлатып шүмектен су тасып, кеш түссе ағаш жарып, көмір кіргізетін күйкі тіршілік. Қол босай қалса қала көшелерін аралап зәулім үйлерді қызықтайтын едік. Бір-бірімен шүйіркелескен халық. Қызылды-жасылды көшелер. Адасып кетпес үшін әуелі көше аттарын есте сақтайтынбыз. Кілең біз білмейтін басқа ұлт өкілдерінің есімдері самаладай жарқырап тұратын-ды. Шіркін, біздің Абай көшесі осындай болса ғой деп те армандайтынбыз. Бұл бұдан 55-60 жыл бұрын еді.

Сол Абай көшесі бүгін де орнында. Түпкірдегі шолақ көшенің ұзындығы бір шақырымнан аспайды. Қос қапталдағыны қосқанда алпыс шақты қарабайыр үй бар. Ойдым-ойдым көшесіне табаның тиген соң жер ыстық. Кешегі кеңестік кезеңде қазақты кім илемеді? Ал, өз қолымыз өз аузымызға жеткен Тәуелсіздік дәуірінде ұлы Абайды шолақ көшеге телміртіп қойғанына кім кінәлі? Сол сұраққа әлі күнге жауап таппай келемін.

Абай Құнанбайұлының ЮНЕСКЕ көлемінде аталып өткен 150 жылдығы қарсаңында журналист Қуандық Сәденов бауырым: «Хакім Абайдың орны босаға емес, қаланың төрінде» деп айғайлатып тұрып мақала жазған. Содан соң тозығы жеткен Абай көшесіне асфальт төселіп, күл-қоқыстан тазарды. Іс осымен бітті. Шағын ауылдың жылуы жоқ, суы жоқ бәз баяғы қалпы.

Уақыт-сынап қалай өткенін де сезбей қаласың. Абайдың 175 жылдығы иек астына келгенде қалалық қоғамдық кеңестің белді мүшесі Мейірхан Тәтибек кезекті отырыстың бірінде Абай көшесіндегі кемшіліктерді сынап:

Асыл тас та топыраққа көмілсе жарқыраған қасиетінен айырылады, – деп еді. Бұл – Абай атасы атындағы көшені меңзгеген толғамды ой болатын. Биыл да асфальты бүтінделіп, көше күл-қоқыстан тазарды. Осымен тағы да іс бітті. Ал, үстіміздегі жылдың қаңтарында өткен қала әкімінің халық алдындағы есебінде еңбек ардагері Кемелбек Ақанов:

– Қазіргі Абай көшесін ел-жұртқа көрсетуге бет жоқ. Абайдың есімі қаланың бас көшесі Лениннің орнында тұруға әбден лайықты. Бұл толғағы жеткен халықтық мәселе! – деп, таудан тас домалатқандай күйге бөлеген. Қара ормандай халық мұндайды күтпесе керек, үнсіз ғана бас изескен.

Бұған дейін де осы мәселемен төменнен жоғарыға дейін талай азаматтың есігін ашқаным бар. Ақырында «бұл үкіметтің резервінде тұрған көше» деген соң аяғымды тартқанмын.

«Халық қаласа – хан түйесін сояды» деген аталы сөз бар. Кешіктірмей бастамашы топ құрып, жұмыс бастағанбыз. Адамзат баласы коронавирустан Алланың алдында емтихан тапсырып жатқан кез еді. Карантиннің аңдысын аңдып реті келгенде тұрғындармен кездессек, көбіне онлайн режимін пайдаланып Ұлы Абай есімін Ленин көшесіне беру жөнінде бес жүз адамның қолы қойылған парақшасын қала әкімі Ораз Тәуірбековтің алдына өткізген едік. Ілешала «Қала тұрғындарымен осы тақырыпта енді жиын өткізу қажет. Қазір коронавирустың кезі. Тосуға тура келеді» деген жауап алдық әкімшіліктен. Әрине, халқымыздың амандығы керек. Әйтсе де, содан бері қаншама уақыт өтті десіп тықыршып жүргендер де көбейіп барады. Тәжтажал тірілер түгілі Ұлы Абайдың аруағына да осылай кесірін тигізді. Абай – аласармас Рухымыз. Абай – жанымыз.

Қазақ мың өліп, мың тірілген халық. Бұл сыннан да сүрінбей өтерміз. Оған күмән жоқ. Тек, Абай жолын тағы бір қара мысық кесіп өткеннен сақтасын.

Айтпақшы, Ақтоғай жұрты қаймағы бұзылмаған ел ғой. Алыстан келген ағайындарға жайылып төсек, иіліп жастық болып құрмет көрсетіпті. Бір үлкен ұяттан осылай аман қалғанмын…

Махмұт ЖАРЫЛҒАП,

Халықаралық қазақ тілі қоғамының

Балқаш қаласы бөлімшесінің төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button