Қайырымдылық қорының қамқорлығы
Денсаулық сақтау министрлігі елді жайлаған індетті еңсеру кезінде КВИ мен пневмониядан 174 медицина қызметкері қайтыс болғаны туралы мәлімет жариялады. Өзгенің өмірі жолында өз басын қатерге тіккен олар: 98 дәрігер, 40 орта буын қызметкер, 14 санитар, 8 арнайы көлік жүргізушісі, фельдшер, зертханашы және басқа мамандық иесі.
Қазақстанда COVID-19 коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде халықтың зардап шеккен және тұрмысы төмен тобына көмек көрсетуді көздеген «Kusto Group» халықаралық компаниясының «KustoHelp» қайырымдылық қоры олардың отбасыларына қаржылай жәрдемдесуге шешім қабылдады. Қор қызметкерлері марқұмдардың жақындарына хабарласып, көмек қабылдауға келіскен 141 отбасын анықтады. Сосын отбасына 1 миллион теңгеден, барлығы 141 миллион теңге аударды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда, өйткені, кейбір байланыс дерегі дұрыс емес, соның салдарынан хабарласу қиындап тұр.
– Біз бизнес-қоғамдастықты және Қазақстанның қиындыққа бейжай қарамайтын қайырымды азаматтарын осы қозғалыстың бел ортасында болуға шақырамыз және солай болатынына сенеміз. Астарында адамгершілік пен ізгіліктің ізі сайрап жатқан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген, атадан қалған қанатты қағида бар емес пе?! Олай болса, қайырымдылық қозғалысында қатарымыз көбейсін, — дейді қор басшылығы.
Карантин кезінде аталмыш қор қайырымдылық шарасына 1 057 654 502 теңге қаражат жұмсады. Соның негізгілерін айта кеткен артық болмас. Мәселен, қазақстандық 12 мыңнан астам отбасына «Я Алматинец», «Клуб Добряков», тағы басқа еріктілер ұйымының қолдауымен жалпы 153 миллион теңгенің азық-түлігін тапсырды. Отбасылық үлгідегі балалар үйіне — 1 шағын автобус, Қостанай және Жамбыл облысындағы екі аудандық ауруханаға реанимобиль сыйлады. Жүзге жуық медициналық мекемеге 294,3 миллион теңгенің жеке қорғаныш құралын, дәрі-дәрмек және жабдық сатып әперді.
150 кіші медициналық қызметкерге 17 миллион теңгенің атаулы материалдық көмегін көрсетті. 50-ден астам ауруханаға 176 миллион теңгенің 80 тонна ет өнімін берді. Украинадағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен 86,7 миллион теңгеге 55 мың Левофлоксацин, 28 330 Меропенем дәрі-дәрмегін сатып алып, облыстық және қалалық ауруханаға тарату үшін «СК Фармацияға» тапсырды. Семей, Шымкент, Жамбыл және Қызылорда облысы оқушыларына 19 миллион теңгеге 410 планшет әперді. Мұның сыртында көпбалалы аз қамтылған отбасылар үшін жалпы құны 90,4 миллион теңгелік тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асырумен айналысуда.
Өз тілшімізден.