Құқығыңызды білесіз бе?
Студент кезім еді. «Шымкент-Астана» бағытындағы автобуспен Қарағандыға келе жаттым. Кездескен бірен-саран көлік болмаса, елсіз дала. Автобус жылдамдықты белгіленген мөлшерден асырған болуы керек, алдымызда тұрған МАЙ қызметкері ала таяғын көтерді. Жүргізуші көлікті тоқтатты, бірақ түспеді. Құжат тексерді де, қоя берді. Жүргізушінің көліктен түспегеніне таң қалдық. Сөйтсем, қауіпсіздік үшін елсізде көліктен шықпауға құқылы екен. Ал, қазір жаппай қолданысқа енген бұл ережені елдің бәрі біледі.
Аса күрделі болмаса да, осы бір көрініс менің өз құқығыма, заңға деген қызығушылығымды арттыра түсті. Біл де емін-еркін жүре бер. Кейде қоғамдық орындарда адамдардың жаға жыртысып жатқанын көреміз. Эмоцияға ерік беріп, бір-бірінің ата-бабасын түгендейтіндері де кездеседі. Шаруа сонымен бітсе жақсы ғой. Тіпті, кейде өзіміздің қарапайым құқығымызды білмей, білсек те соны талап етуге ұялып, тығырыққа тірелеміз. Ал, осының кесірінен сотталып кетіп жатқан азаматтарды да естіп жүрміз.
Шыны керек, Ата Заңды толық білмесек те, адам тағдыры мемлекеттің басты байлығы екенін, өз құқығымыз бен бостандығымызды қорғап, еркін өмір сүруге құқылы екенімізді түйсінеміз.
Әлеуметтік желіден азаматтық құқықтарын талап етіп жатқан ағайынды көргенде, басында шошитынымыз рас. Мәселесін тыңдап, жақсылап назар аударып, зерделеп қарасақ еш қорқатын дүние емес. Ал, үрей туғызып тұрған тағы да сол баяғы құлдық сана. Дұрыс екенін біле тұра, уәжімізді айта алмайтындығымыздан.
Осы тұста құқық пен заңның аражігін ажыратып алайық. Құқық – өркениеттің мәдени жетістігі, қоғамдық қатынастарды реттеуші әлеуметтік құралдардың бірі. Ол – адам-қоғам-мемлекет үштігін теңдестіруші құрал. Субъективтік тұрғыдан ол – адамдардың құқығы мен бостандықтарының жиынтығы, жүйесі. Ал, сол құқықтың нақты негіздерін заң реттейді. Яғни, құқық заң түрінде көрініс береді. Құқық пен заңнаманың өзара қайшы келетін тұстары да болады. Басымдық құқыққа беріледі.
Құқық күшті мен әлсізді, бай мен кедейді теңестіруші құрал. Заң талаптары баршаға бірдей. Яғни, хан да қара да заң алдында – тең. Ата Заңда солай бекітілген. Дегенмен, мұны жариялау бір басқа, жүзеге асыру екі басқа. Себебі, құқығымызды біліп, оны дұрыс талап ету үшін сол құқығымыз көрініс беретін заңдарға жетік болуға тиіспіз.
Заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сыздықтың айтуынша, қоғамның кемелдігі заңдардың көптігімен өлшенбейді. «Бұл жерде мына бір шаманы білу, сақтау керек. Мүлде заң актілерінсіз, жазылған ережесіз өмір сүру қаншалықты мүмкін болмаса, заңдардың тым көп болуы өмір сүруді соншалықты қиындатады. Заңдардың қуаты оның санында емес, сапасы мен жүйелілігіне байланысты. Құқықтық олқылық, заңдық олқылық деген ұғымдар бар. Бұл да табиғи нәрсе. Бұл олқылықтарды дер кезінде айқындап, кемтігін толықтырып отыратын тетіктер үйлесімді қызмет етуі тиіс. Соның өзінде бәрін қатырып түбегейлі шешіп тастайтын заңнама болмайды. Заңдар белгілі бір шек пен шекараны анықтап береді. Жетіспей тұрған жері түрлі рәсімдер мен талқылау арқылы шешілмек. «Бәрін заң шешіп береді» деу – қиял, утопия. Құқық ар-ұятпен, моральмен, салт-дәстүрмен, діни нормалармен тығыз байланысты. Заң икемділік таныта алмағанда соларға жүгінеміз. Әр елдің құқықтық жүйесінің шыңында Ата Заң тұрады. Барша заңнама, түрлі жарлықтар, ережелер Ата заң шегінен шықпауы, оған қайшы келмеуі тиіс. Конституция – барша құқықтық жүйенің негізі, шырқау шыңы. Конституцияны білу – жаттап алу емес. Бұл догмалық көзқарас болар еді. Барша заңды жатқа білу, бәрін есте ұстау мүмкін емес шаруа. Және қазіргі заманда бұл күн сайын мүмкін болмай бара жатыр. Сондықтан құқықтың әр саласына, оның ішіндегі жеке тарамдарға маманданған заңгерлер, құқық төрелігі жүйесі өте қажет. Құқықтық қайшылықтар туып жатса, Конституцияға, одан қалса Адам құқықтары туралы баршаға ортақ декларацияға жүгінеміз. Заңдардың күші олардың қаталдығында емес, әділдігінде, ішкі-сыртқы үйлесімділігінде. Орынсыз тыйымдар, шектен тыс айыппұлдар, қатал жазалар мәселені түбегейлі шешпейді. Заңды сапалы шығару бар, дұрыс түсіну, түсіндіру, пайдалану бар. Құқық ауа тәрізді. Түрлі шектеулер мен тыйымдар құқықтарымыз бен бостандығымызға нұқсан келтіре бастағанда құқықтың ауадай қажет екендігін түсінеміз. Адамдар сау кезінде денсаулығын бағаламайтыны, медициналық білімге ден қоймайтыны сияқты сапалы құқықтық білім алуға да енжар қарайды. «Елімізде заңгерлер тым көп, олар тіпті, керегі жоқ» деген жаңсақ пікір бар. Еліміз үшін өте зәру нәрсе ол құқық саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу орталықтары. Мыңдаған жылдық тарихы бар медицина саласында заманалық зерттеулер қаншалықты қажет болса, құқық саласында да сондай зерттеулер қажет. Білікті заңгер де білікті дәрігердей қажет. Үздіксіз қозғалыстағы, дамудағы бұл дүниеден құқық саласы тысқары тұрған жоқ. Кемел құқықтық жүйе қоғамды жетілдіріп, дамытып, алға сүйреп отырады. Ал, құқығы кемтік қоғамның дамуы кешеуілдей береді, тоқырайды, тоқтайды, азады, тозады, қирайды. Ал, бұған жол беруге болмайды. Ол үшін құқықтанымдық зерттеулерге тиісті қаржы бөлініп, мамандар іріктелуі тиіс» – деді ол.
Сөз басында біліп тұрған дүниемізді талап ете алмайтын, ынжықтығымыз туралы айттық. Мысалы, көшеде жүргенде аяқ астынан дәретхана қажет болды делік. Сол маңдағы бір ғимаратқа кіріп: «Дәретхана бар ма, кіруге бола ма?» дейміз. Сөйтіп, әуелден-ақ өзіміз: «Жоқ» деген жауап алуға бейіл танытамыз. Мұның түрлі себебі бар. Біздің қоғам – тыйымдар мен шектеулер қоғамы, ұят қоғамы. Адамдары үркеншек, шегіншек, сескеншек, жалтақ, турасын айтсақ, қорқақ, құқықтық тұрғыдан надандық меңдеген қоғам. Өзіңізге сенімді түрде: «Әжетхана қайда? Әжетхана бос па?» десеңіз, көрінбес қақпалар өздігінен ашылмақ. Бірінші кезіккен қызметкер: «Анау жерде. Иә, бос!» – деп жол сілтейді. Негізі, кез келген көпшілік пайдаланатын ғимарат іске қосылғанда адамдардың табиғи қажетін өтеуге құқылы екендігі бекітілуі тиіс. Шөл басу, көлеңкелеу, жылыну, әжетханасын пайдалану және тағы басқа…
Шындығы – осы. Өз елің, өз қалаң. Неліктен сұрап, кімнен жасқанасың? Әр азаматтың кез келген ғимаратқа еркін кіріп, өз қажетін өтеуге хақы бар. Мысалы, ең алғашқы қоғамдық әжетхана б.д.б. 500-жылы Рим империясының Хиерополис қаласында ашылыпты. Бұл жағынан біздің ел әлі күнге кешеуіл.
Шыны керек, кейде сатып алған киім немесе тамақтың өзін мерзімі өтіп кетсе, яки өлшемі келмей қалса, қайта ауыстыру мүмкіндігін пайдалана бермейміз. Ұяламыз, ерінеміз. Сауда орындарының негізі мұраты адамдардың қажетін өтеу, сапалы қызмет көрсету болуы тиіс. Олай болмаса, алаяқтық пен тонау орын алғаны. Бұл өндіріс пен қаржы саласына да қатысты. Банкілердің тонаушылық қарекетіне тосқауыл қойылуы кезек күттірмейтін нәрсе. Міне, Болат ағаның сөздерінен түйгенім – осы.
– Адвокат ретінде менің бағытым – қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істі жүргізу және азаматтардың түрлі мәселемен мемлекеттік органдарға жүгінуі. Яғни, елдің сұраған құқықтық көмектерін береміз. Егемендік алған жылдармен салыстырғанда азаматтар, әсіресе жастар өз құқықтары мен заңдарды біршама меңгерді. Ойын да ашық айта алады. Ата Заңның баптары мен оны қолдануды да біледі. 15-20%-ы өмірде заңдарды біліп, қолданса, 60-70%-ы заңгерлердің көмегіне жүгінеді. Үйдің құжатын толтыра алмай, жұмыс бабындағы шиеленістерді өзі шеше алмай да біздің қызметке жүгінетіндер бар. Жұмыс беруші мен мемлекет тарапынын қандай көмек берілуі керектігін де сұрап жатады. Заң тұрғысынан 3-4 рет – тегін кеңес беріп, түрлі шұғыл қоңырауға да жауап беріп, қол ұшын береміз. Жазылып жатқан заңдардың кейбірі ойдағыдай болмай жатса, енді бірі жеткілікті дәрежеде сапалы болады. Бірақ, оның халық қолданысқа еніп, кейін толықтыру арқылы бір арнаға түсетінін ескерген жөн – деді Қарағанды облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Сәбит Қалияқасов.
Дала заңына бағынған қазақ қоғамында түрме болмаған. Ол – сан ғасырлық салт-дәстүрге, имандылық пен адамгершілік, ар-ұятқа негізделген Заң еді. Қазір де адамзат құқығын реттейтін заңдар баршылық. Ал, соларға жетік болсақ, өмірде көп тығырықтан аман шығамыз. Жұмабек Тәшеновті Хрущевтан басым қылған – құқықты білгені, намысты болғаны. «Одақтас республиканың жерін бөлшектей беретін болсақ, онда КСРО-ның Конституциясын жою керек, Жер мәселесі сіз бен біз емес, халық шешетін мәселе, болмаса, БҰҰ жүгінейік» дегені Хрущевты сабасына түсірген. Ал, Нығмет Нұрмақов революция кезінде сот-трибуналдың алғашқы төрағасы болған. Бұл дегеніңіз – өзі прокурор, адвокат, судья деген сөз, яғни, үш міндетті жалғыз өзі атқарған.
«Өз-өзіңе берік бол, қонысыңды ұры тұтпа» демекші, ел аман, жұрт тынышта өз құқығың мен заңдарды біліп өмір сүргенге не жетсін! Өмірдің мәні де білуге ұмтылуда емес пе?..
Жәлел ШАЛҚАР.