Жылжымалы дәріхана ауылдарға шықты

Президент ведомствоаралық комиссия отырысында шалғай ауылдардың халқын қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді міндеттеген еді. Соның аясында Қарағанды облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудандардың әлеуметтік жылжымалы жәрдем көліктері алыстағы ауылдар мен кенттерді аралауды бастады. Мәселен, Ақтоғай және Ұлытау аудандарының біршама ауылдарының тұрғындары қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Ақтоғай аудандық ауруханасы қызметкерлерінің айтуынша, жылжымалы дәріхана Қызыларай, Шабанбай би ауылдық округтерінде болған. Мамандар тұрғындарға арзан бағада қажетті дәрі-дәрмек үлестіріп, ауырған жағдайда дәрілерді дұрыс қолдану жөнінде кеңес берді.

Аудан бюджетінен бөлінген қаржыға Қарағандыдағы фармацевтикалық компаниялардан көтерме бағаға дәрі сатып алып, шалғай ауылдарға таратудамыз. Жоғары білімді мамандар халыққа арнайы нұсқаулар беруде. Бүгінгі таңда Ақтоғай ауданына қарасты 26 медицина мекемесі бар. Соңғы алты ай ішінде пневмония диагнозымен 150-ге жуық адам емделіп шықты. Дәрі-дәрмектер жеткілікті, – дейді Ақтоғай аудандық ауруханасының директоры Сәттар Маратұлы.

Сондай-ақ, Ұлытау ауданында да жылжымалы дәріхана алшақта орналасқан ауылдарды аралап, білікті мамандар тұрғындарға кеңес беруге кірісті. Олар Жезді мен Қарсақбай кенттерінде болды. Алдағы уақытта ауданға қарасты барлық ауылдарды аралау жоспары бар. Қазіргі таңда ауданға антибиотиктер, қызуды түсіретін, қанды сұйылтатын және басқа да сұранысқа ие дәрі-дәрмектер жеткілікті көлемде жеткізілген.

Осы ретте, жарасымды үрдісті облыстың басқа да аудандары қолға ала бастағанын айрықша атап өткен жөн.

Аяулым СОВЕТ.