Жаңалықтар

22 мың тұрғын жұмыспен қамтылды

Қарағанды облысында жыл басынан бері Жұмыспен қамту шараларымен 22 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл тұрақты және уақытша жұмыс орындары: жастар тәжірибесі, әлеуметтік жұмыс орындары. Қоғамдық жұмыстар бойынша қазір мемлекеттік мекемелерге ғана емес, жеке секторға да жіберілуде. Облыстық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы айтылды.

– Биыл барлық шаралармен 31 мыңға жуық адамды қамтуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, оның ішінде NEET санатындағы жастар “Бірінші жұмыс орны” жобасына қатысады. Өту мерзімі 1,5 жылға дейін ұзартылды және жалақы 91 890 теңгені құрайды. Жобаны 201 адам пайдаланды. Зейнеткерлік жасқа толған жұмыс істеп жүрген жұмыскерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыру үшін “Ұрпақтар келісімшарты” жобасы бар. “Күміс жас” жобасы зейнеткерлікке шығуға аз уақыт қана қалған адамдарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Оның арқасында 129 адам жұмысқа орналасу көмегін алды – деді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова.

Жұмыспен қамтудың басқа да шаралары қолданылады. Мысалы, биыл облыста өз ісін ашуға 510 грант бөлінеді. Жыл басынан бері 133 ісін жаңа бастаған кәсіпкер қолдауға ие болды. Бұл жастар және әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар.

“Бастау Бизнес” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік курстары сұранысқа ие.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжановтың айтуынша, 8 айда өңірде 166 ШОБ нысаны ашылды, онда 850 жұмыс орны құрылды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі байқалады.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыспен қамту шараларын тиімді пайдалану жөнінде тапсырма берді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button