Қарағанды облысында мұқтаж жандарға көмек көрсетілуде
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсетуде. Атап айтқанда, «Татар және башқұрт Қазақстан конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Шамиль Осин тұрмысы төмен отбасыларға 12 тонна азық-түлік пен көкөністер берді. Ал тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері Әнет Баба мешітінің орталық штабына алғашқы қажеттілік санатындағы азық-түліктерді жеткізді.
– Бүкіл әлем мен еліміз өте күрделі кезеңді бастан кешкен уақытта бірлік пен ынтымақтық танытудың маңызы зор. Коронавирус індеті біз үшін ортақ қауіп және ол ұлт немесе дінді таңдамайды. Біз, қазақстандықтар, көптеген сынақтарды бастан кешірген елміз. Бұл жолы да қиындықтарды жеңеміз деген сенімдеміз. Елдегі төтенше жағдай және Қарағанды облысында жарияланған карантиннің салдарынан көптеген азаматтар өзін ең қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ете алмауда, – деді Қарағанды облысының ҚХА өкілдері.
Сондай-ақ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы аймақтық штабының еріктілері қоғамдық көлік жүргізушілеріне медициналық бетперде тарату жұмысын жалғастыруда. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметкерлеріне ыстық тамақ беруді ұйымдастырды. Аналар кеңесінің мүшелері маскалар тігеді және түскі ас дайындайды.