Қарағанды облысында балабақшаларда кезекші топтар қызметін жандандырды
Қарағанды облысында карантинді кезең-кезеңмен жеңілдету жалғасуда. Шектеу шараларын одан әрі жеңілдету туралы шешім эпидемиологиялық жағдайларды ескере отырып қабылданады. Өңір балабақшаларында кезекші топтар – бір мезгілде онда 15 баладан артық болмауы тиіс, фитнес-орталықтар мен спорт-сауықтыру клубтары қызметі жандандырылды.
Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа, қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров брифингте мәлімдеді.
Ол Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің м.а.-ның 2020 жылғы 15 тамыздағы №35-қ қолданыстағы қаулысына енгізілген өзгертулер туралы баяндады.
Балабақшаларда мектепке дейінгі мекеме қуатына сәйкес балалар саны 15 адамнан аспайтын топтарды ашуға рұқсат беріледі.
Фитнес-орталықтары мен спорт-сауықтыру орталықтарының (бассейнсіз) қызметіне алдын ала жазылумен қатаң – бір келушіге кемінде 5 ш.метр және нысан толымдылығы 50%-дан аспайтын есеппен рұқсат беріледі.
Ұлттық құрама, клуб командаларына 30 адамның қатысуымен байланыссыз термометриямен қамтамасыз етумен, спорт базасында тұру арқылы спорт жаттығуларын өткізуге рұқсат беріледі.
ТӨКС, автожуу, шиномонтаж шеберханаларының жұмыс кестесі санитариялық шараларды күшейтумен сағат 09:00-18:00 дейін белгіленді.
Қанат Асқаров қайтадан ашылған нысандар үшін талаптарды сақтау қажетілігі туралы еске салды.
Қоғамдық орындарда – ғимаратта және көшеде, қоғамдық көліктерде 5 жасқа дейін балаларды қоспағанда, бетперде тағу міндетті болып табылады.
Ойын-сауық, қоғамдық және еске алу шараларын, оның ішінде үйде өткізуге тыйым салу жалғасады. 65 жастан асқан адамдарға демалыс күндері және қарбалас сағаттары көшеге шығуды шектеу ұсынылады.
– Шектеулер мен өзін-өзі оқшаулау режимі – жұқпалы аурудың таралу тізбегін үзуге мүмкіндік беретін аса тиімді шара. Сіздерден жеке гигиена, әлеуметтік қашықтандыру шараларын бұлжытпай сақтауды сұраймын. Есіңізде болсын: карантин шараларын одан әрі жеңілдету туралы мәселені қарау тек ауру саны азайғанда ғана ықтимал, – деп атап өтті Қанат Асқаров.