Коронавирус

Кеңес берудің тың үлгісі

Карантин шектеулері жағдайында қарапайым халықтың медицина мамандарының қабылдауына еркін барып кеңес алуы қиындай түскені белгілі. Осыны ескерген Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасы биылғы жылдың 20 маусымынан бастап, пилоттық негізде «Дәрігер-онлайн» арнайы жобасын іске қосты.

Жоба аясында білікті медицина мамандары Instagram платформасы арқылы нақты уақыт режимінде халықтың көкейіндегі сауалдарын толыққанды қамтитындай деңгейде кеңестер береді. Тиісінше, кез келген адам өзін қызықтыратын сұрақты тікелей қойып, дәрігердің қабылдауына жазылу мәселесін де оңтайлы шеше алады.

Сала мамандары мен қарапайым халық өкілдерінің бағамдауынша, бұл тәжірибені вирустық аурулардың алдын алудың тиімді тәсілі ретінде қабылдаған жөн. Қай тұрғыдан алып қарастырсақ та, бұл – қазіргі әркімнің өзін-өзі оқшаулауы жағдайында пациенттермен байланыс жасаудың ең тиімді мүмкіндігі болып отыр.

Бүгінгі күні тікелей эфирді облыстың 46 емханасы тұрақты түрде жүргізеді.

Кеңес берудің дәл осындай тың әрі келісті үлгісі әзірге елдің басқа аймақтарында қолға алына қоймағанын айта кету де артықшылық етпейтін секілді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button