АймақБалқашРуханият

Айбарымыз айдаһар емес немесе ұлт мүддесі қайда қалды?

Балқаш қаласы әкімдігінің Instagram парақшасында көптің талқысына ұсынылған орталық саябаққа орнатылатын айдаһар мүсіні қала тұрғындарының қарсылығына тап болып отыр.

Кеңес заманынан келе жатқан айдаһар («Дракоша») мүсінін қайта қалпына келтіруді мақсат тұтқан композицияның бұрынғы нұсқасын және айдаһардың екі түрлі суретін желіге салған қала әкімдігінің Instagram парақшасы: «Құрметті балқаштықтар! Мүсінші саябаққа орнатылатын «айдаһардың» нұсқаларын ұсынды. Үшіншісі ескі нұсқа. Сіздерге қайсысы көбірек ұнады, 1,2,3 деп пікір қалдырыңыз. Дауыс беру нәтижесі бойынша дүйсенбі күні нақты шешім қабылданатын болады» деп жазды. Бұған қатысты ғаламтор қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Біреулері айдаһар мүсінінің керек емес екенін айтса, енді біреулері «кішкентай айдаһар» мүсіні балалық шағының ұмытылмас естелігі ретінде сақталуын қалап, ақтап жатыр.

Жалпы, айдаһар бейнесі қазақ ертегі-аңыздарында құбыжық, адам баласына қиянат жасайтын жағымсыз бейнемен санамызда қалған. Хисса-дастандардағы жағымсыз кейіпкер ретінде суреттелетін құбыжықтың мүсіні орталық саябаққа Кеңес одағының идеологиясы үстемдік етіп тұрғанда орнатылған. Бұл туралы белгілі өлкетанушы Күләш Сардарбек былай дейді:

– Айдаһар кезінде қалалық Білім бөлімінің меңгерушісі Мошковскаядан қалған «мұра» еді. Қыруар ақшаға өзінің жақыны, Алматылық суретшіге жасатқан болатын. Сол кездегі коррупция ғой. Сан бала құлап жарақат алған. Бұдан бөлек, қала мектептерінің ауласында бернеше мәнсіз, мағынасыз мүсіндер тұр. Соның бәрі бір серия секілді. Мошковская қазаққа көзқарасы жат кісі еді. Бірге қызмет еттік, білемін. Ұлттық нақыш болмауын қатты қадағалайтын. Сан айқасып, орнына қойғанмын. Менен ғана тайсақтаушы еді, марқұм. Осы ұсқынсыз, мәнсіз мүсіндерді жою керек.

Балалық шағын аңсайтындар айдаһардың қайта қалпына келуін қалайтын көрінеді. Бұл жөнінде қала әкімі желі қолданушыларына жауап ретінде жазба қалдырды. (Шаһар басшысының пікірін қаз-қалпында беруді жөн көрдік.)

– Орталық саябақты қайта құру жобалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырылады. Жақында қала тұрғындары маған «Ескі» ертегі кейіпкер айдаһар («Дракоша») – көптеген қала тұрғындарының алыстағы балалық шақтың тарихи символы ретінде қалпына келтіруді сұрады. Осыған байланысты сәулетші талқылауға бірнеше нұсқаны ұсынды. Таңдауды қала тұрғындары жасайды. Негізі, бұл сәулеттік нысанды қалпына келтіру жобада көзделмегендіктен, оны қалпына келтіру тек демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылуы мүмкін, – деп жазды Ораз Тәуірбеков.

Айтпағымыз, алыста қалған балалық шағын аңсаушы саналы адам ертегі кейіпкерлерімен шектеліп отырмасы анық. Солай болған күннің өзінде, ертегінің жағымды кейіпкерлері көп емес пе? Қарасаң көз тоятын көңілді образдардың да мүсінін жасауға болады ғой. Айналайын, айдаһарды аңсаушылар, сонда ұлттық мүдде қайда қалды? Көптің талқысына түскен, құрбандығын толғап жұтар айдаһардың мүсіні балқаштықтарға қаншалықты қажет?.. Осыны түсінгеніміз абзал. Бұл ойымызды құптайтын қала тұрғындары аз емес. Қазақ ертегісінде бар екен деп өзгенің қаңсығына жүгінгеніміз жақсы емес. Сол қатыгездік пен қорқыныштың символына айналған айдаһар бейнесі қабыршақ денелі қанатты мақұлыққа жата-жабысқанымыз жарамас.

Айта кетейік, айдаһар қытайлықтардың ұлттық символы саналады. Тарихшылардың айтуынша, Қытай елінде айдаһар ұғымын білдіретін «Лун» есімі өте қастерлі. Тарихына қарасақ, бұрын императорларды айдаһарға теңеп, өлгеннен кейін де ел мен жерді қорғай алатын ерекше қасиетке ие деп ойлаған. Қазіргі уақытта Қытай еліндегі әр отбасы өздерінің баласын «кішкентай императорым», «кішкентай айдаһарым» деп еркелету арқылы болашағынан зор үміт тосып жүреді екен. Аңыз арқылы ұлттық идеологияны бір ізге салып, оның «өлмес» рухынан ғасырлар бойы күш алып отырған Қытай жұртының «Айдаһарлар елі» атану себебі осында жатыр. Ал, бізге өзгенің шапанын жамылып, жағымсыз кейіпкерді жұрт назарына ұсыну дұрыс па?

Адамды тірідей жұтуға құмар осы бір құбыжықты неге қала басшылығының мүсін қылып орнатуға құмартып отырғандығын түсінбедік. Одан да ұлттық нақышқа бай, тәрбиелік мәні бар жағымды ертегі кейіпкерлерінің мүсінін орнатса ешкім қой демес еді. Бұл біздің қаланың тұрғыны һәм еліміздің азаматы ретінде ұсыныс-пікіріміз.

Ал, сіздер бұған не дейсіздер?

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button