Облыс әкіміРесми

Отандық тауарларды пайдалану – басты шарт

Карантин кезіндегі бірегей басымдықтың бірі – отандық өндірісті қолдау. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жобаларда қазақстандық және жергілікті тауарлардың пайдаланылуын жеке бақылауына алады. Аймақ басшысы бұл туралы онлайн режимінде өткен аппарат кеңесінде мәлімдеді.

Кеңес барысында өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары жаңа өнім шығаруды игергені атап өтілді. Мәселен, облыста құрылыс индустриясы саласында 150 өнім өндіруші жұмыс істейді. Олардағы жергілікті тауарлар ассортименті ауқымды. Нақтылай түссек, цемент, темір-бетонды бұйымдар, металлопластик, радиаторлар, арматура, құрғақ құрылыс қоспалары және тағы басқалары бар. Бұл салада Индустрияландыру картасы бойынша жалпы сомасы 25 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба іске қосылған.

Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша құрылыс индустриясының 7 жобасы мақұлданды.

Машина жасау, химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп сияқты салаларда да даму үрдісі байқалады.

Облыста 215 тамақ өнеркәсібінің қайта өңдеу кәсіпорындары тіркелген. Агроөнеркәсіп кешені саласында 31 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның 12-сі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытында әрекет ететін құрылымдар. 2020 жылы қайта өңдеу бағыты бойынша 8 жобаны енгізу жоспарланған.

Облыстық мемлекеттік сатып алулар басқармасы кеңеске қатысушылар назарына алты сала бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» жобасындағы жергілікті қамту үлесін талдауды ұсынды. Ең жоғары көрсеткіш – 87,2% – құрылыс материалдары бойынша байқалады. Тамақ өнеркәсібінде – 67,2%, жеңіл өнеркәсіпте 46,4% құрайды.

Жеңіс Махмұдұлы тиісті тұлғаларға “Жұмыспен қамтудың жол картасы” нысандарында отандық тауарларды пайдалануды ерекше қадағалауды тапсырды.

– Мердігерлердің Қазақстанда және біздің облыста өндірілетін өнімдерді барынша сатып алуын өзімнің жеке бақылауыма аламын. Қалалар мен аудандар әкімдері де жергілікті қамту жайын айрықша назарда ұстауды пәрменді ете түсуі тиіс. Бұл – жұмыс орындары мен салықтар! Тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту – бірегей міндет, – деп атап өтті облыс әкімі сөз түйінінде.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button