Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ коронавирус індетінің таралу ахуалы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Комиссия отырысында Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сынға алды.
– Баяндама бетінде жағдай бақылауда болғанымен, іс жүзінде олай емес. Президент Әкімшілігіне еліміздің барлық дәріханаларындағы дәрі-дәрмектерді тексеру жөнінде тапсырма бердім. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Батыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында, Нұр-Сұлтан мен Алматыда дәрі тапшылығы, ұзын-сонар кезек әлі де бар. Аса қат дәрілердің бағасы қымбат екені анықталды. Көлеңкелі бизнестің көлемі артып бара жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде шектеу шаралары қабылданғанымен, халық әлі де отбасылық мерекелер жасауды жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, мұндай жағдай Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында байқалады. Президент әкімдердің карантин режимін сақтауға бағытталған түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізгенін сынға алды.
– Әкімдер аса күрделі жағдайда жұмыс істей алмайды. Өзекті проблемаларды шұғыл шешуді, азаматтарға мемлекеттік саясатты дұрыс түсіндіруді білмейді,– деп мәлімдеді Президент. Оның ойынша, Үкімет мүшелері де, әкімдер де «тоқмейілсудің, масайраудың қақпанына түскен».
Жиын барысында азаматтарды тесттен өткізу мәселесі де қозғалды. Қазір күніне 32 мың адамнан сынама алынады. Дегенмен, өңірлер арасында көрсеткіштердің алшақтығы байқалады.
Мемлекет басшысы қалалардағы ахуалды тұрақтандырамыз деп, ауыл тұрғындарын ұмытып кетпеу керек екенін атап өтті.
– Ауыл-аймақтарда медицина кадрларының тапшылығы және қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жығылғанға жұдырық болып отыр. Үкімет 2300 әмбебап мобильді бригаданың жасақталғанын баяндады. Алайда олар, негізінен, қала тұрғындарына ғана қызмет көрсетеді. Ауылды назардан тыс қалдыруға болмайды! Үкіметке өңірлермен бірлесіп, барынша қысқа мерзімде ауылдарды диагностика және емдеу ісімен, қажетті дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Президент.
Жиын соңында Мемлекет басшысы коронавирус жөніндегі барлық дерек, оның ішінде статистикалық мәліметтер Үкіметтің айрықша құзыретінде болуы қажет екенін мәлім етті. Өйткені, бұл жекелеген адамдардың жалған ақпарат таратуынан, қоғамды адастырудан сақтайды.