Бас тақырып

21 наурыз – Ынтымақ күні

Биылғы Наурыз мейрамының жөні бөлек. «Наурызнама» онкүндігі аясында әр күннің өзіндік мән-мағынасы бар. Бүгін – Ынтымақ күні. Жер-дүние жаңарған осынау шақта Сарыарқа жұртшылығы бірлігін паш етіп, Ұлыстың ұлы күнін зор салтанатпен атап өтуде.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Қазақстан аумағында 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Тарихтың алмағайып замандарынан аман өтіп, бүгінгі берекелі күнге жетуіміз – ең алдымен, ауызбіршіліктің жемісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған зайырлылық саясаты мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларымен өткізілетін кездесулер – еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің жарқын айғағы. Астанада өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың барлығы да біздің елдігімізді, ынтымағымызды паш етеді.

Арқаның төрінде де Наурыз мейрамы кең көлемде тойлануда. Облыстың орталық алаңдары мен саябақтарында нағыз этноауылдар бой көтерді. Аймақ бойынша 200-ге жуық киіз үй тігіліп, қазақы қонақжайлылықтың үлгісі көрсетілуде.

Бүгін Қарағанды қаласының Орталық саябағында облыстың негізгі мерекелік бағдарламасы өтеді. Думанды көргісі келетіндер үшін іс-шара онлайн режимде де тікелей көрсетілмек. Саябақтарда спорттық жарыстар, мерекелік жәрмеңкелер мен театрландырылған қойылымдар халықтың көңіл-күйін көтеруде.

Биылғы Наурыздың тағы бір ерекшелігі – ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялардың ұштасуы. «Террикон алқабы» IT-хабында Қарағанды Урбанистика орталығы мен «Kazpromavtomatika» компаниясының ұйымдастыруымен «Digital Nauryz» фестивалі өтуде. Мұнда робот-қол құрылғысы таныстырылып, мерекеге жаңаша сипат берілді.

Кеншілер астанасының мәдени өмірінде айтыстың орны бөлек. С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында бүгін «Армысың, әз Наурыз!» атты халықаралық ақындар айтысының аламаны қызады. Бұл додада Мұхтар Әділов, Еркеғали Бекболат, Дидар Қами сынды танымал дүлдүлдер бақ сынап, ұлттық өнерімізді төрге оздырмақ.

Ұлыстың ұлы күні – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық. Сарыарқа төріндегі мерекелік думан тек көктемнің келуін ғана емес, ел ішіндегі ынтымақ пен бірліктің мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдесе керек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button