АймақБас тақырып

21 наурыз – Дүниежүзілік поэзия күні

ЮНЕСКО бекіткен бұл күн поэзияның құндылығын дәріптеуге арналған. Бүгінде Наурыз мерекесімен қатар келіп, жаңару мен шабыттың белгісіне айналды. Ortalyq.kz газеті назарларыңызға ақындар шығармашылығынан өлеңдер топтамасын ұсынады. 

Уа, саф өлең, шын қуаныш тапсам да,
Алдыңа кеп жығылдым.
Сен – анасың, нәріңді емген ұлыңмын.
Сенен сезем алақанын әкенің,
Иісін сезем ынтық еткен сұлудың.

Тәңір – ақын, мен де өлең екенмін,
Ғажайыпқа телінген.
Өзгелердің жүрегіне терілген.
Сен – қуатсың, мынау шерлі кеудеме,
Тағдырымды көтерсін деп берілген.

Ұққандаймын, мен емес ол шаттанған,
Барған сайын тауларға,
Дәл өзімдей тентек толған барларда.
Ол да өзіңсің тәтті сәтті жатсынып,
Налаңды айтқан жалғанға.

Тағы да өзің,
Айдай бұлтпен бүркеніп,
Той үстінде мұңайған.
Құлазудан, жабырқаудан тыңайған.
Күндей жарық, жалғыз болу – қалауың,
Мен мейірім сұрағанмен құдайдан.

Түсінемін, күйігімді басар деп,
Дәруіңді бер дейді ел.
Шамаң жетсе, дертті жанды емдей гөр.
Мың жүректің дертін жұтып Исадай,
Өтті өмірден Қасымдар мен Сергейлер.

Қара түнде қара тастан от жағып,
Күйген де сен, сүйген сен.
Жұбатқан сен өкініштен иленсем.
Неге ғана сабыр, тағат табамын,
Сен қалаған күйге енсем?

                                                                        Ерік НАРЫН

Жүрегімнің үні бар сізге деген,
Мейлі, баурап алмасын біздегі өлең.
Көз ұшында жоғалған өзіңізді
Көк жүзінен, көріктім, іздеген ем.

Тұманынан шыға алмай тұмса күннің,
Көп адастым ішінде құр сағымның.
Жаңбырына жанымды төсеп едім —
Тағдырдың бұршағына шын шағылдым.

Сезім деген үзілген моншағым бар,
Жалғаймын деп талпынғам сонша жылдар.
Өзіңменен кезіккен керемет сәт —
Қайтып келмес, білемін, сол шағым дәл.

Сонда да ащы мұңды татып келем,
Жүрек үнін тыңдамас уақыт керең.
Келешекке қараймын үміт үзбей,
Келер деумен кешігіп бақыт деген.

                                                                        Нұрдос КӘРІМ

Жүрегіммен қатар соғып, құтымды ап,
Сағат тілі тоқтамайды тықылдап.
Көңіл шіркін алай-дүлей неге осы,
Мына хәлден қалай ғана құтылмақ?

Бір күй келіп араласып, бір күймен,
Жағалауын жан-арымның мың сүйген.
Телефонның қуат күшін тексеріп,
Әлдеқайда сайланамын ылғи мен.

Пәтер түгіл кең далам да тар маған,
Әуені де еліте алмас сарнаған.
Асау жанды жұбатпақшы болам да,
Әлдеқандай бір жорыққа қамданам.

Асау жанның алқынысы нұр татар,
Көңіл құсқа бір әуенін шырқатар.
Сәуір таңы шапақ шашып оятып,
Шақырады алыс-алыс бір сапар.

“Жан көрмеген мекендерді көрем” деп,
“Тәтті-тәтті қиялдарға ерем” деп.
Жүрегіме алапат күш рух беріп,
Жұлқынады елеңдеп.

Бар күйіме бір ем іздеп, бір емнен,
Жан қалауын жамай алмай тілеумен.
Жатсам-тұрсам, маза таппай гүл кеудем –
Әлденеге дайындалып жүрем мен…

                                                                         Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button