2030 жылы Қазақстанда жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтеді
Астана 2030 жылы жабық кешендегі жеңіл атлетикадан әлем чемпионатын қабылдайды. Тиісті шешім World Athletics кеңесінің Торунь қаласында өткен отырысында қабылданды, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Tengri Sport – қа сілтеме жасап.

Бұл шешім Қазақстандағы жеңіл атлетиканың дамуына берілген жоғары баға ретінде бағаланып отыр. Астана бұған дейін де халықаралық жарыстарды қабылдаған.
Қазақстан спортшылары Олимпиада ойындарында тұрақты түрде жүлде алып келеді. Айта кеткен жөн, еліміздің ең титулды жеңіл атлеті Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден Олимпиадада толық жүлде жиынтығын жеңіп алды (2012 жылы – алтын, 2008 жылы – күміс, 2016 жылы – қола).
Ольга Шишигина 2000 жылғы Олимпиадада 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын медаль иеленді, ал Дмитрий Карпов 2004 жылы онсайыс бойынша қола жүлдегер атанды.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



