2026 жылдан бастап құжат рәсімдеу құны өседі
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда паспорт, жүргізуші куәлігі және бірқатар өзге де құжаттарды рәсімдеу қымбаттайды. Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге дейін көтерілуі себеп болды. АЕК мөлшері 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаңа АЕК-ке байланысты мемлекеттік баж мөлшерлері мынадай болады:
· 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт – 17 300 теңге (4 АЕК). Қазіргі жылы бұл құжат үшін 15 728 теңге төленеді.
· Ересектерге арналған 36 беттік жалпы азаматтық паспорт – 34 600 теңге (8 АЕК). Қолданыстағы тариф – 31 456 теңге.
· 48 беттік паспорт – 51 900 теңге (12 АЕК), қазір – 47 184 теңге.
· Жеке куәлік үшін мемлекеттік баж 865 теңге (0,2 АЕК) болады. Бүгінде оның құны 786 теңге. Егер жеке куәлік бір жыл ішінде екі және одан да көп рет жоғалтылса, 1 АЕК – 4 325 теңге төлеу қажет.
Жүргізуші куәлігін рәсімдеу бағасы да өседі: жаңа жылдан бастап бұл қызмет 5 406 теңге (1,25 АЕК) болады.
Неке қию туралы куәлікті беру үшін мемлекеттік баж мөлшері 4 325 теңгені (1 АЕК) құрайды. Ал неке бұзу туралы куәлік рәсімделген жағдайда, мемлекеттік баж 8 650 теңгеге (2 АЕК) дейін өседі. Қазіргі тариф – 7 864 теңге, яғни ажырасу рәсімі некені тіркеуден екі есе қымбат болмақ.
Туу туралы бастапқы куәлік бұрынғыдай тегін беріледі. Алайда құжатты қайта рәсімдеу қажет болса (жоғалту немесе бүліну жағдайында), 0,5 АЕК мөлшерінде – 2 163 теңге төлеу көзделген.
Сонымен қатар, заңнамаға сәйкес, бірқатар азаматтар санаты құжаттар үшін мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Атап айтқанда, ел батырлары мен жоғары мемлекеттік наградалары бар тұлғалар, көпбалалы аналар (құрметті атағы бар), соғыс ардагерлері мен жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар және мүгедек балалардың ата-аналары, әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар, жетім балалар мен толық мемлекеттік қамқорлықтағы балалар, сондай-ақ Чернобыль апатының зардап шеккендері қажетті құжаттарды тегін рәсімдей алады.
Жамал АКПАРОВА



