Жаңалықтар

2026 жыл Халықаралық еріктілер жылы болып жарияланды

Қазақстанның бастамасымен халықаралық деңгейде маңызы зор тарихи шешім қабылданды. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы арнайы қарар қабылдады. Бұл шешім еліміздің жаһандық азаматтық қоғамды дамытудағы белсенді ұстанымын және еріктілер қозғалысын қолдаудағы көшбасшылығын айқын көрсетті.

Қарағанды облысының фронт офис волонтерлерінің жетекшісінің парақшасынан

Аталған бастаманы Қазақстан Республикасының Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының жалпы саяси пікірталастары барысында ұйым мінберінен көтерген болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде ерікті қызметі қоғамды біріктіретін, орнықты дамуға жол ашатын  қоғамдық институт ретінде атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еріктілер қозғалысы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, халықтың осал топтарына қолдау көрсетуге және азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы бастаманың халықаралық деңгейде қолдау табуы Қазақстанның бейбітшілікке, ынтымақтастыққа және гуманизмге негізделген саясатының заңды нәтижесі саналады. Қазақстан бұл қарарды әлемнің барлық аймақтарынан пікірлес елдермен бірлесіп ұсынды. Атап айтқанда, Армения, Боливия, Германия, Кения және Кирибати аралдық мемлекеті бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдады. Сонымен қатар құжаттың тең авторлары қатарына Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 54 мемлекет қосылды. Бұл – Қазақстан көтерген ұсыныстың халықаралық қауымдастық тарапынан кең қолдау тапқанын аңғартады.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда Еріктілер жылы болып жарияланды. Бұл шешім еліміздегі еріктілік қозғалыстың жүйелі дамуына серпін берді. Осы кезеңде мыңдаған қазақстандық әлеуметтік, экологиялық, білім беру және гуманитарлық бағыттарда белсенді жұмыс атқарды. 2020 жылғы бастаманың жалғасы ретінде 2021-2023 жылдарға арналған еріктілік қызметті дамытудың жол картасы қабылданды. Құжатта еріктілерді қолдау тетіктері, оқыту бағдарламалары және инфрақұрылымды дамыту шаралары қамтылды. Нәтижесінде еліміздегі еріктілер саны 200 мың адамға жетті.

Бүгінде Қазақстанда еріктілер қозғалысы қоғам өмірінің барлық саласын қамтып отыр.

2026 жылды «Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы» деп жариялау – еліміздің әлеуметтік жауапкершілікке, тұрақты дамуға және адамгершілік құндылықтарға негізделген саясатының жалғасы. Бұл бастама еріктілер қозғалысын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, халықаралық қоғамдастықтың назарын волонтерлік қызметтің маңыздылығына аудармақ. Халықаралық еріктілер жылы аясында түрлі елдерде әлеуметтік жобалар, форумдар, конференциялар және бірлескен бастамалар жүзеге асырылатын болады. Бұл өз кезегінде азаматтық қоғамды дамытуға, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button