Жаңалықтар

2025 жылдың соңына дейін барлық ауылды ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі

2025 жылдың соңына дейін барлық ауылды ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков айтты, деп хабарлайды ortalyq.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

 

– Тұжырымдама (Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы) аясында министрлікке 4 іс-шара бекітілген. Біріншісі – ауылдық елді мекендерді бас жоспармен және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен қамтамасыз ету. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес халық саны 5 мың адамнан асатын елді мекендер үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен біріктірілген бас жоспар әзірленеді. Ал халық саны 5 мың адамнан кем елді мекендер үшін даму және құрылыс салу схемалары әзірленіп жатыр. Тиісінше, бүгінгі күні халық саны 5 мың адамнан асатын 279 ауылдық елді мекен және халық саны 5 мың адамнан аз 4 480 ауыл бас жоспармен қамтамасыз етіледі. Бас жоспармен қамтамасыз етудің өте төмен деңгейі 4 облыста байқалады: Солтүстік Қазақстан, Абай, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстары, – деді ол.

Оның атап өтуінше, екіншісі – Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейін Ұлттық даму жоспарын іске асыру аясында сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі жоқ ауылдық елді мекендерді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды іске асыру.

– 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,5 пайызды құрады. Ауыз сумен қамтудың ең төмен деңгейі Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары ауылдарында байқалып отыр. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен ауылдарда 267 жобаны іске асыруға 113 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл тұрғындарын сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті 96,3 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Мемлекет басшысының тапсырмасын уақтылы және сапалы орындау үшін республиканың әрбір елді мекені ескере отырып ауыз сумен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жоспары әзірленді, – деді вице-министр.

Азамат Бейісбековтің дерегінше, бүгінде елімізде барлығы 6 295 ауыл бар. Оның ішінде 4 900 ауыл сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алады.

Қалған 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін шешу 2025 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

– Біздің министрліктің желісі бойынша 391 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысы жоспарлануда және 41 ауылда Экология және табиғи ресурстар министрлігі арқылы кентішілік желілер топтық су құбырларын салу жөніндегі жобаларды іске асыру аясында салынатын болады. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында халқы 200 адамнан аз 963 ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен Кешенді блок модульдер орнатылады, – деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, үшіншісі – Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасы асында жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жай-күйін қамтамасыз ететін іс-шараларды іске асыру.

– Бүгінгі таңда 70 мың шақырым жергілікті желінің 85 пайызы нормативтік жағдайда. Осы тұжырымдаманың іс-шаралар жоспарына сәйкес облыстық және аудандық жолдардың үлесі 2027 жылға қарай 95 пайызға дейін жеткізу көзделген. Биыл жергілікті маңызы бар жолдарды салуға, реконструкциялауға және жөндеуге 350 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 4,1 мың шақырым жолда жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдың қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін 87 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, төртіншісі – ауылдық жерлерде, жер қойнауын пайдаланушылардың, жүйе құраушы кәсіпорындардың шағын және орта бизнес белдеуін құру, әлеуметтік даму және тауар өндірушілер үшін ұзақ мерзімді тапсырыстарды қамтамасыз етуді қоса алғанда, елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын әзірлеу жөніндегі міндеттемелерін заңнамалық тұрғыдан бекіту.

– Шағын және орта бизнес белдеуін құру мақсатында ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылардың айналасында тапсырыс берушілер мен жеткізушілердің өзара іс-қимылы бойынша тәсілдер әзірленді. Тапсырыс берушілердің отандық шағын және орта бизнеспен өзара іс-қимылын және шағын және орта бизнес белдеуін құруды жер қойнауын пайдаланушылардың өздері қабылдайтын және уәкілетті органмен келісілетін елішілік құндылықты дамыту бағдарламалары әзірленіп жатыр, – деді Азамат Бейісбеков.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button