2025: Арқа спортының алтыны мол жылы
«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген тағылымды тәмсілді ту еткен күйі тағы бір жылды тарих қойнауына табыстағалы отырмыз. Уақыт өз арнасымен сырғып, кеше ғана басталғандай көрінген жыл да мәресіне жетті. Осы сәтте өткенге ой көзімен үңіліп, атқарылған істі екшеу ертеңге деген сенімді нығайта түсетіні анық. Бұл тұрғыдан алғанда, өтіп бара жатқан жыл Қарағанды өңірі үшін, әсіресе, спорт саласында, олжалы да салымды, мерейлі де мағыналы кезең болды.
Жыл шежіресіне көз жүгіртсек, аймақ спортшылары халықаралық, республикалық және өзге де байрақты бәсекелерден 15 540 медаль иеленіп, туған өлкенің абыройын асқақтатты. Сонымен қатар, өткен жыл бұқаралық және кәсіби спортты дамыту жолындағы жүйелі жұмыстарымен де есте қалды. Инфрақұрылымды жаңғырту, халыққа қолжетімді спорттық орта қалыптастыру мақсатында жыл ішінде 95 жаңа спорт нысаны ел игілігіне берілген.

Тарихта таңбаланған жыл
Жыл қорытындысындағы әңгімені ел намысын халықаралық ареналарда абыроймен қорғап жүрген жерлесіміз, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің төрағасы Геннадий Головкиннен бастаған орынды. Өйткені, биылғы жыл қазақ боксы үшін жеңіс көрсеткіштерімен ғана емес, маңызы бөлек тарихи белестерімен де ерекшеленді. Әлемге әйгілі былғары қолғап шебері Гена World Boxing федерациясының президенті болып сайланып, жаһандық ұйымды басқарған тұңғыш қазақстандық атанды. Сонымен қатар, жерлесіміз Халықаралық бокс Даңқ залына қабылданып, аталған залға енген алғашқы қазақстандық ретінде ел спорты тарихында есімін мәңгілікке қалдырды.
Өңірлік спорттағы елеулі өзгерістер футбол саласында да көрініс тапты. Қарағанды футболының қарашаңырағы «Шахтер» клубы биыл даму жолындағы жаңа кезеңге аяқ басты. Клуб толық жекешелендірілді. Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігі мен Майқұдықты жалғайтын аумақта 9,6 гектар жер көлемінде «Шахтер» академиясының құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында үш корпустан тұратын әкімшілік ғимарат, жыл бойы жаттығуға арналған жабық манеж және 3 500 көрерменге лайықталған заманауи стадион салынуда.
Алдағы жылдарға арналған жоспарлар да ауқымды. 2026 жылы Қарағанды қаласында толық өлшемді жаттығу алаңы мен манеж бой көтермек. Бұл бастамалар өңір орталығымен ғана шектелмейді. 2027 жылы Теміртау қаласындағы «Металлург» стадионы қайта жаңартылып, футбол алаңы мен манеж бой көтереді деп жоспарлануда. 2029 жылы Абай мен Приозерск қаласында манеж салынса, Шахан кенті мен Шахтинск қаласында жаттығу алаңдарын салуды көздеп отыр.

Арқа спортының жарқын есімдері
Жыл бойы спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин атындағы кентінде, Ақтоғай ауданының Сарышаған ауылында және Приозерск қаласында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Сонымен қатар, облыс аумағында халықаралық және республикалық деңгейдегі 100-ге жуық спорттық жарыс ұйымдастырылып, Қарағанды өңірінің спорттық әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте айқын дәлелдеді. Одан бөлек, Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз 28 медаль еншілеп, толайым табысқа жетті.
Жеке спортшылардың жетістіктері де өңір спортының мерейін үстем етті. Боксшы Аида Әбікеева биыл екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ал, Абылайхан Жүсіпов ерлер арасындағы өзінің үшінші әлем чемпионатында сегіз жыл күткен алтынын алды. Биатлоншы Владислав Киреев Азия ойындарында топ жарса, батут гимнастикасынан Данил Мұсабаев пен Никита Тумаков жұбы әлем кубогы кезеңдерінің қорытындысы бойынша рейтингте көш бастады. Ал, үстел теннисінен Алан Құрманғалиев бірқатар халықаралық турнирде топ жарып, ел абыройын асқақтатты. Одан бөлек, өңір спортшылары Қазақстанның VI Жастар спорт ойындарында да сәтті өнер көрсетті. Жалпыкомандалық есепте 56 алтын, 42 күміс және 61 қола медаль жеңіп, үздік төрттіктің қатарынан көрінді.

Тоғызқұмалақтан да жерлестеріміз өз биігінде. Әділхан Төлегенов жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, әлем кубогында күміс медаль еншіледі. Ал, жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Балғын Қожанәсіп алтыннан алқа тақты.
Қазақ күресінен де ұпайымыз түгел. Жерлесіміз Ерқанат Молдағұлов Азия чемпионатының жеңімпазы атанса, Олжас Исаханов әлем кубогында қола жүлдеге ие болды. Ал, дәстүрлі садақ атудан Айша Баймырза жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, ұлттық спорттың халықаралық аренадағы беделін арттыра түсті.

Тең мүмкіндік пен биік белес
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен жүйелі түрде айналысуына жан-жақты жағдай жасау күн тәртібіндегі басым бағыттардың біріне айналды. Инклюзивті спортты дамытуға арналған бұл саясат қағаз жүзіндегі жоспармен шектелмей, нақты іс пен айқын нәтижелер арқылы жүзеге асып келеді. Бүгінде Қарағанды облысында «Спорт – баршаға ортақ» деген қағида іс жүзінде өміршең екенін дәлелдеп отыр.
Қазіргі таңда аутизм спектріндегі, психикалық дамуы тежелген және церебральды сал ауруына шалдыққан 200 бала облыстың бес аймағында жүзу спортымен айналысады. Сонымен қатар, Қарағанды мен Теміртау қалаларында тағы 40 бала жеңіл атлетика секцияларына тартылып, спорт арқылы өз мүмкіндіктерін шыңдап келеді.
Инклюзивті спорт Балқаш қаласында да жүйелі түрде дамуда. Мұнда есту, көру және тірек-қимыл аппараты зақымдалған 91 адам жүзумен айналысады. Жалпы айтқанда, атқарылған жұмыстардың нәтижесі халықаралық аренада да айқын аңғарылды. Пара жүзуден өткен әлемдік серия кезеңінде өңір спортшылары Азияның екі рекордын және Қазақстанның төрт рекордын жаңартып, ел мерейін үстем етті. Ал, жеңіл атлетикадан Руфат Хабибуллин әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың әлеуеті жоғары екенін бүкіл әлемге дәлелдеді.

Өңір спортының табысты қадамдары сурдоспорт саласында да айқын көрініс тапты. Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары Қарағанды облысы спортшылары үшін олжалы додаға айналды. Облыс спортшылары жалпы саны бес медаль жеңіп алып, ел қоржынына қомақты үлес қосты. Дзюдодан сынға түскен Еркебұлан Қанафин екі бірдей алтын медаль еншілеген болатын. Таэквондо шеберлері де Токиодағы татамиде лайықты өнер көрсетті. Аян Абдраш, Айжамол Абдикатова және Аида Мақатова қола медаль еншілеп, ел намысын абыроймен қорғады. Осы бір нәтижелерден-ақ мүмкіндігі шектеулі спортшыларға көрсетіліп отырған қолдаудың нақты жемісін аңғаруға болады.
Түйін
Өтіп бара жатқан жыл өңір спорты үшін айқын бағдарын айқындап берген, мазмұны мен мағынасы қатар өрілген кезең болды. Ал, ең бастысы, спорттағы табыс өлшемі тек медаль саны емес, қалыптасқан мектеп, нығайған дәстүр және жаңа есімдерге жол ашқан жүйе екенін уақыт тағы бір мәрте дәлелдегендей. Осы берік негіздің үстінде өңір спорты алдағы жылдары да биік белестерді бағындыруға толық әлеуетке ие.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ҰОК



