АймақБас тақырыпҚарағанды

2024 жылы аймақта 2600 жаңа жұмыс орны құрылды

Қарағанды облысында 2024 жылы экономика қарқынды дамып, 9,2 трлн теңгеге жетіп, 11,3%-ға өсті. Жыл ішінде 1,4 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 13 жаңа өндіріс іске қосылды. Нәтижесінде 2600 жаңа жұмыс орны құрылды.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Облыстық мәслихаттың XXVII сессиясында өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуы туралы есеп берді. Депутаттар есепті мақұлдады.

Әкімнің айтуынша, өңірде өңдеу өнеркәсібі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, сауда және басқа да салаларда оң динамика байқалды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы артып, жұмыссыздық деңгейі төмендеген.

– Халықтың өмір сүру сапасын арттыру – басты басымдықтардың бірі. Қалалар мен ауылдарда өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес әлеуметтік игіліктер мен қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету жоспары орындалды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қазіргі уақытта жалпы құны 167 млрд теңге болатын 37 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 2500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінде 46 млрд теңгеге 33 жобадан тұратын ірі жоба портфелі қалыптастырылды.

Сессия барысында 2024 жылға арналған облыстық бюджеттің орындалуы да бекітілді. Бұдан бөлек, әлеуметтік-мәдени нысандардың жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселесі қаралды. Депутаттар өңірдегі барлық қала мен ауданға барып, осы сала бойынша жан-жақты талдау жүргізген. Нәтижесінде бірқатар нақты ұсыныстар мен шешімдер әзірленді.

Сондай-ақ дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге байланысты бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button