Бас тақырып

2019 жылы саңылақтар бақ сынайтын бәсекелер

БИАТЛОННАН ӘЛЕМ КУБОГІ

 Әлемдік дода 9 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі былтырғы жылдың 2 желтоқсанында Поклюкте басталып кетті. Бұл турнир 2019 жылдың 24 наурызында Холменколенде өз мәресіне жетеді.

РАЛЛИ-МАРАФОН ДАКАР – 2019

 Алғаш рет ралли-марафон жалғыз мемлекетте өтеді. Ол бақытты ел – Перу. Марафон 6 қаңтарда басталып, 17 қаңтарда жеңімпаздарды анықтамақ. ҚЫСҚЫ УНИВЕРСИАДА Студенттер арасындағы спорттық турнир 2 мен 12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында жалауын желбіретпек.

ШАЙБАЛЫ ХОККЕЙДЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

83-ші шайбалы хоккейден әлем біріншілігі Словакияның Братислава мен Кошице қалаларында өтпек. Белгіленген уақыты – 10 мен 26 мамыр аралығы. Қатысушы құрамалар саны – 16. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл біріншілікке жіберетін жолдамадан қағылған еді.

 ҰЛТТАР ЛИГАСЫНЫҢ ФИНАЛЫ УЕФА 2018-2019

УЕФА аясында өтіп жатқан алғашқы Ұлттар лигасының финалдық ойындары Португалияда болады. Өтетін уақыты 5-9 маусым. Ұлттар лигасын ұйымдастыру идеясы осыдан бес жыл бұрын пайда болған еді. Араға ұзақ уақыт салып, осы жылы турнирлік ойындар өтті. УЕФА-ға кіретін құрамалар A, B, C, D секілді категорияларға бөлініп, ішінара бірнеше топтарға таратылып, өзара мықтыны анықтаған еді. Қазақстан құрамасы өз тобында 2-орынды місе тұтты.

 ЕУРОПА ОЙЫНДАРЫ (ЕУРОПИАДА)

 ІІ Еуропалық ойындар Беларусь елінің астанасы Минскіде 21 мен 30 маусым аралығында өтетін болады. Спортшылар барлығы 200 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Екінші рет ұйымдастырылған еуропалық ойындарға 50-ден аса мемлекеттің төрт мың спортшысы қатыспақ.

ЖАЗҒЫ УНИВЕРСИАДА

 Мерейтойлы ХХХ жазғы студенттер арасындағы спорттық ойындар Италия елінің Неаполь қаласында өтеді. Белгіленген мерзімі – 3-14 шілде аралығы. 250 медаль жиынтығына 12 мыңнан аса спортшы таласады деп күтілуде. Ал, жалпы қатысушы елдің саны 170-ті құрап отыр. Осыдан екі жыл бұрын Тайбэйде өткен студенттердің жазғы ойындарында 142 елден жеті жарым мыңнан аса спортшы қатысқан еді. Ол додада ел студенттері 21-сатыға тұрақтап, 3 алтын, 6 күміс, 7 қола медальді қоржынға салған.

БАСКЕТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

 Ерлер арасындағы ХVІІІ баскетболдан әлем чемпионаты Қытайда 31 тамыз бен 15 қыркүйек аралығына жоспарланған. Бірінші рет баскетболдан әлем біріншілігі футбол чемпионатымен қатар өтпейтін болды. Сол үшін 2018 жылғы турнир 2019 жылға ауыстырылды. Бұл бәсекедегі тағы бір басты жаңалық қатысушы құрамалар саны 24-тен 32-ге дейін көтерілді.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ

47 медаль жиынтығын сарапқа салатын әлем чемпионаты 28 қыркүйек – 6 қазан аралығында Катар елінің астанасы – Дохада жалауы желбіремек. 2017 жылы Ұлыбританияда өткен додада Қазақстан барлығы 13 атлетші апарған еді. Ел спортшылары жалғыз қола медаль иеленіп, командалық есепте 38-орынға тұрақтады.

МӘНЕРЛЕП СЫРҒАНАУДАН ГРАН-ПРИ ТУРНИРІ

6 кезеңге созылатын Гран-при 18 қазан мен 6 желтоқсан аралығында өтеді. Ақтық сын Страсбургке (Франция) жоспарланған. Былтырғы Гран-при турнирінің 5-кезеңіне мезгілсіз қаза тапқан Денис Тен қатысады деп күтілген. Бірақ, өзі болмаса да, оған өзбекстандық мәнерлеп сырғанаушы Миша Джи өз нөмерін арнады. Осы кезеңде қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева 6-орыннан көрінді.

Интернет материалдары бойынша дайындалды.

Басқа материалдар

Back to top button