Ән әлдилеген әсем кеш

«Нұрәсем» сән үйінен шақыру келген. Бұған дейін бұл орталық туралы естіп-білгеніміз бар. «Орталықтан» оқып көргенім болмаса, былайша бас сұқпаппын. Бірақ, нағыз ұлттық рухтың шырақшысы екенін сезінетінмін. Сөйтіп, босағасынан аттаған сәтте нағыз қазақы қолөнердің кереметін, көшелі еңбектің берекетін көрдім. Аталған сән үйі «Нұрәсем кештері» атты тағылымды отырысты жиі ұйымдастырады екен. Міне, бүгін сол кештің мейманының бірі болып, дастархан басына жайғастық. «Нұрәсем кештері» атты әннің тұсауы кесілмекші…

Меймандар мәз-мейрам. Сағынысып қауышқанын жарқын жүздерінен көрдік. Бұған дейін «Шәмші Қалдаяқов», «Үш арыс», «Абай» атты кештерді ұйымдастырыпты. Әндерін шырқап, өлеңдерін оқып, рухани кештің шырайын арттырмақ. Айтпақшы, «Нұрәсем кештері» деген ұйым бар екен. Мұнда келушілер сол ортаның мүшелері.

Кеш басталмай тұрып, құран оқылды. Індет кезінде ұйымның белді мүшелері Алтын мен Ырысты апайларынан көз жазып қалыпты. Сол кісілердің рухы шат болсын деп, дәстүрден аттамады. Жылы естеліктер айтылды. Бейнероликтен жүздерін, жазбаларын, шырқаған әндерін көріп, көпшілік көздеріне жас алды. Сағыныштың, қимастықтың жасы…

Артынша, мерейлі мезеттің куәсі болдық. Өздері көп күткен «Нұрәсем кештері» атты әннің тұсауын қазақ мәдениеті мен өнерінің ардагері Рымбала Омарбекова кесті. Шашу шашылды.

– «Нұрәсем» сән үйінің беделін арттырып, есімін танытуға еселі еңбек сіңірген ол – Венера ханым. Өздерінің ұлттық нақыштағы киімдерін нарыққа шығарып та үлгереді, осындай кештерді ұйымдастырып та үлгереді. Басқа да қоғамдық шараларға белсене қатысады. Бұл дегеніміз – ұжым бірлігінің арқасы. «Нұрәсем кештері» әні ұзақ жасасын. Ортамыз толсын, бар жақсылықты тілеймін, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Әннің сөзін жазған айтыскер ақын, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов, әнін жазған Жанна Хасенова. Ән иесі туындысын нақышына келтіре шырқады. Меймандар қайырмасына қосылып, тамаша үндестік орнады.

Венера Исина әннің тұсауын кескен Рымбала Омарбекованың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, тамаша ән тарту еткен Айтбай бауыры мен Жанна сіңілісіне ризашылығын жеткізіп, алғысын жаудырды.

– «Нұрәсем кештері» атты бірнеше отырыс өткіздік. Негізі, біздің арнайы ұйымымыз бар. Дастархан басында жиылып, ән айтып, көңілімізді көтеріп, рухани демалып, тамаша тағылымды өтетін кештің жиі куәсіміз. Енді, карантин кезінде үйден шыға алмай қалған кездерде, осы кешті қатты аңсадық. Міне, сол кезеңнен кейін енді бас қосып отырмыз, – дейді Венера Исина.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ.