Облыс әкіміРесми

Жастарға – халық алғысы

Жақында облыстағы волонтерлік ұйымдардың басын бір арнаға тоғыстыратын «QOLDAU» атты коворкинг орталығы ашылды. Бүгінгі таңда өңірде 7000-ға жуық жастарды қамтитын 97 волонтерлік ұйым жұмыс істейді десек, олардың басым бөлігіне тіркелген жастар төтенше жағдай кезінде белсенділік танытқан болатын. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК ынтымақтастықты ұйымдастыру және өңірдегі волонтерлік қозғалысты дамыту үшін ашылған еріктілер орталығында болып, белсенді жастардың пікіріне құлақ түрді.

Qoldau волонтерлерді қолдау орталығын құрудың негізгі идеясы пікірлестердің күш-жігерін біріктіру әрі тәжірибе алмасу болатын. Кейіннен жастардың атсалысуымен волонтерлік бастамаларды іске асыру үшін жаңа білім игеріп, қажетті ресурстар алу, корпоративтік волонтер мәдениетін енгізу маңызды орын алды.

Орталықта болған аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек мемлекет басшысы жариялаған төтенше жағдай кезіндегі маңызды бастамаларға үлес қосқан белсенді волонтерлік ұйымдардың жастарын марапаттады. Кездесуде сондай-ақ, волонтерлер төтенше жағдай уақытында атқарылған жұмыстар жөнінде және өңірде іске асырылып жатқан волонтерлік жобаларға тоқталды. Жастардың айтуынша, төтенше жағдай уақытында облыс бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қарт адамдарға, мүгедектерге және халықтың аса мұқтаж басқа да санаттарына көмек көрсету бойынша 966 акция өткізілді. Оған жалпы саны 14 251 отбасы (65 700 адам) қатысты. Барлық мұқтаж жандарға жалпы сомасы 42,8 млн. теңгеден (42843,8 мың теңге) асатын азық-түлік себеттері (макарон өнімдері, жемістер, көкөністер, жарма, ұн, ет, өсімдік майы және тағы басқа да өнімдер) таратылды. Қосымша 106,8 тонна азық-түлік, санитарлық-гигиеналық, тұрмыстық және дәрілік заттар берілді. Бұдан басқа, волонтерлер, жеке тұлғалар, кәсіпорындар 44 521 дана көлемінде халыққа көп рет қолданылатын маскаларды тігу және тарату жұмыстарын ұйымдастырды.

Кездесудің екінші бөлімінде белсенді волонтерлер мен мүдделі азаматтарға Президенттің атынан «Халық алғысы» медалі мен карантин кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсеткен көмегі үшін Президенттің Алғыс хаты табыс етілді.

Марапатталғандар қатарындағы Jas Otan Жастар Қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов халықтың шын ықыласына бөлену керемет сезім екенін айтты.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен марапатталдым. Бұл пандемия кезінде волонтерлермен атқарған жұмыстарымыздың алғысы шығар. Маған ғана емес барлық жасотандықтарға, волонтерлерге көрсетілген құрмет деп білемін. 19 наурызда төтенше жағдай жарияланғаннан бастап волонтерлер штабын құрып, халыққа көмек көрсетуді бастап кеттік. Осы кезеңде облыс бойынша көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, жалғыз басты қарт адамдарға, мүгедектерге және халықтың аса мұқтаж басқа да санаттарына көмек көрсетіп, акция өткіздік. Кәсіпкер, меценаттардың көмегімен індетпен күресіп жүрген ақ халаттыларға алғыс білдіру үшін «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясын өткіздік. Волонтерлермен бірге осындай жұмыстарды жасай отырып халықтың шын ықыласына бөлену үлкен құрмет, – деді Ержан Хамитов.

Сондай-ақ, жиында меценат, Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалы қамқоршылық кеңестің мүшесі, облыс бойынша ДЗЮДО федерациясының вице-президенті Ғабдолла Дүйсенбаев орталыққа ноутбук сыйлап, волонтерлердің жұмысына табыс тіледі.

Меценат төтенше жағдай кезінде де волонтерлердің тегін ПЦР тесттен өтуі үшін 5 млн. теңге бөлген болатын.

Сонымен қатар, жиында облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін дамытуға және қолдауға арналған гранттары табысталды. Ел экономикасын көтеру және кәсіпкер жастарды қолдау мақсатында жарияланған 1млн. теңге көлеміндегі грант жеңімпаздары марапатталды. Грант иегерлерінің бірі Жаңаарқа ауданының тұрғыны Тимур Асанбаев жобасын таныстырып, инновациялық энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш блоктарды шығару бойынша өндірістің жүйелі жұмыс жасайтынын атап өтті.

Орталыққа жиі жиналатын жастар өздеріне жайлы алаң ұсынып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен Nur Otan партиясына, облыстық Жастар саясаты басқармасына алғыс білдірді.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button