Жаңалықтар

Президент алғысы

Төртінші билік деп әспеттелетін БАҚ-пен бұқара да, билік те санасқан әманда. Өйткені, олар халықтың «көзі, құлағы һәм тілі» еді. Ақпарат айдынында ақиқаттың алдаспанындай жарқылдап, шындық іздеп шарқ ұрған, әділдіктің ақ туын ұстанған журналистермен жұрт содан да етене. Қоғам дамуына қосар үлесі де теңізді толтырған тамшыдай. Кез келген өркениетті мемлекет БАҚ-ты бұқара мен билік арасын жалғап тұрған алтын көпірге балайтыны да осыдан болса керек. Дәл сондай ізет «Орталық Қазақстан» шаңырағына жасалды.

Дәлдеп айтсақ, ардагер журналист Аман Жанғожин мен басылымның құқық және саясат бөлімінің меңгерушісі Салтанат Ілияш бұқаралық ақпарат құралдары саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Бәрекелді!

Газет ардагері Аман Жанғожиннің есімі аймаққа, республикаға етене таныс. Қарағанды тарихын жазуда, энциклопедия етіп жинақтаудағы ерен ісі ел есінде. Салтанат Ілияштің журналистік шеберлігі – оқырманның көз алдында. Оның қаламынан шыққан әр дүниесі осы уақытқа дейін ешкімді бейжай қалдырып көрген емес. Індет ел іргесіне тиген сәттен бері алдыңғы шепте аймақ ахуалын «Орталықтың» оқырмандарына жеткізудегі тынымсыз еңбегі баршаға мәлім. Ендеше, бұл иесін адаспай тапқан, дер кезінде жасалған марапат! Ардагер аға мен әріптесіміз Салтанатқа шығармашылықта шабыт, толайым табыс тілейміз! Тек, алға!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button