Экономика

Қытай неден шошиды немесе әлемнің ашығу қаупі

Жер шарында қазір бірін-бірі мойындамай, іштей аңдысып, арбасқан екі мемлекет әмбеге аян. Бірі – АҚШ. Екіншісі – Қытай. Бұл екеуінің де әлем экономикасының «ауа райына» әсер ете алатын қуаты бар. Сондықтан, жер шарындағы ұлт пен ұлыс бұлар «қайтер екен?» деп олардың қаққан қас-қабағына әлсін-әлсін қарайтыны да рас. Ал, осы күнде, індет домалақ жерді дөңгелетіп шыққан тұста екеуі де ентіге бастады. Кеше Қытайдың Президенті Си Цзиньпин халқын мейрамханада ішіп-жеуді іркуге үндеді. Мұны өздері «N-1 жүйесі» депті. Бұл жүйе бойынша мейрамханаға келушілер бір тамаққа кем тапсырыс беруі тиіс. Яғни, 10 адам отырса, 9 адамға шақтап алуы керек. Сөйтіп, Қытай патшасы жұртын аста-төк ысырапшылдықтан тыюға тырысады. Мұның төркінінде не тұр? Айдаһарша ақырған ел су-суанын санап ішуге неге мәжбүр? Әлемге ықпалы бар күншығыс жұртының бір білгені бар екен, бір саусағын бүккені анық. Өйткені, азық-түлігі жетімсіз елде – саяси тұрақтылық сақталмайды дейді ғалымдар…

ЫСЫРАПҚА ЖОЛ ЖОҚ

Синьхуа ақпарат агенттігінің таратқан мәліметінше, Қытай көшбасшысы азық-түлікке келгенде халқының ысырапшылдығына жағасын ұстап, шошыпты. Әсіресе, індет кезінде азықтүлік қауіпсіздігіне төнер қатерге алаңдаулы.

Сол себепті, тамақтануда ысырапшылдыққа апарып соғатын әрекеттерді жою үшін Қытай, тіпті, арнайы заңнама қабылдап, қадағалау мен ұзақ мерзімді механизмдер әзірлеуі қажеттігіне нұсқаған. Цзиньпин мырзаның шымбайына батып, мазасын алған мәселе басқа жұртты да тыныш ұйықтатпауы керек.

Сонау 2013 жылдан бері ысыраппен ымыраға келмей жүрген Қытай дәл осы күні бұл істе белін бекем буып, жал-құйрығын шарт түйген сыңайлы. Қарапайым халқы ғана емес, шенеуніктерінің де ресми той-томалақтарын тыюды 7 жылдан бері мықтап қолға алған ол енді қоғамына білек сыбана кіріскен.

Бұл біздіңше, әлем елдеріне ойлануға берілгені белгілі. Соның ішінде, карантинде де, індет қаулап тұрған сәтте де ұрланып, тығылып, той жасап, қызық қуған қазақ үшін де дабыл.

Қытайлықтар жейтін тамақтардың көбі жасанды екенін айтып жатудың өзі – әбес. Өсімтал ел болса да, әлжуаз екені жиі айтылады. Себеп – ішер асының нәрсіздігінде. Миллиард халықты құнарлы тамақтандыру әсте оңай шаруа емес. Сол себепті бұл ел қыбырлаған, жыбырлағанның бәрін талғамай жеп, шайнамай жұтуға мәжбүр. Соның өзінде, патшасы «шақтап іш, же» дейді. Тегін емес. Өйткені, ол елінің азық-түлік қорына төніп келе жатқан қауіпті сезіп, көріпкелдік танытқан жайы бар.

АЛАҢДАУ НЕГІЗСІЗ ЕМЕС

Ашық ресурстардағы деректер жыл сайын жер шарында адамзат 80 миллионға көбейетінін айтады. Осы күні дүниеде 7,5 млрд. халық бар. Жауырыншылар мұның 2050 жылы 10 миллиардқа жететінін осыдан бірер жыл бұрын батыл болжаған-тын. Оған қоса, азық-түлік өндірудің де жыл сайын азаятынын жария еткен. Демек, қысық көзді көршіміздің жау келмей тұрып, қылышын сайлауының сыры да осында. Бұған қоса, кешегі күнге дейін әлемнің 30 мемлекетінің азық-түлік қаттығын сезініп келгендігі туралы дерек тағы бар. Аштықтың дәмін татқандардың саны миллионнан асып жығалатынын да оқығанбыз.

Енді бүгінгідей дүние жүзінде орнаған күрделі ахуалда азық-түлікпен жұртын қамтудың бірінші кезекке шығуы – заңды.

БҰҰ-ның азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің деректері «ғаламды азық-түлік дағдарысына және соның соңынан жеткен экономикалық құлдырауға, миллиард адамнан асқан ашығушылар санының өсуі жеткізеді» дейді. Енді бір мәліметтерде ашығатындар 1,5 миллиардқа жетеді деседі. Не десек те, бал ашқандар мәз қылмайды…

ҚАЗАҚ ӨЗІН ДЕ, ӨЗГЕНІ ДЕ ТОЙДЫРА АЛА МА?

Оқыған бірқатар зерттеулер Қазақстанның жер аумағы мен әлеуеті өзін ғана емес, басқаны да аш қалдырмауға жетіп жығылатынын меңзейді. Бұл орайда, мемлекет осы күні аса ден қойып, экономиканың негізгі драйвері ретінде басымдық берген – ауыл шаруашылығының дамуы негіз болмақ.

Деректер елдегі жер ресурсының әлеуеті бір тұрғынға шаққанда -15,6 га жер, оның ішінде 6,6 га ауыл шаруашылық мақсатындағы жер, оның 1,4 га егістік алқап екендігін көрсетеді. Сол себепті еуропалық экономикалық кеңістікке кіретін мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстан жермен қамтамасыз етілген ел қатарында екен. Бұған қоса, Қазақстанның ұн, 40-қа жуық елге бидай экспорттайтын зор әлеуеті, таза табиғи өнімі – сырт елдің сұранысын одан әрі арттыра түсері күмәнсіз. Шетелдік ғалымдар уақыттың азық-түлік экспорттаушы мемлекеттерді сүзгіден өткізетінін айтқан еді. Сол кезең жақындап қалды. Оның алдыңғы қатарында болуға еліміздің мүмкіндігі зор екені айтпаса да, белгілі. Тек кезең агроөнеркәсіп кешенінің дамуын қажет етеді.

Деректер бір адам жылына 260 кг сүт ішіп, 48 кг ет, 27,6 кг – қант жеп, 7 кг – сұйық май тұтынады дейді. Бұл енді әр мәліметте әр қилы. Алайда, қайсысын алсақ та, көрсеткіш төмен емес. Ал, ғаламда азық-түлік тұтыну молайып, оны өндіру кеміген сайын ұлтарақтай жайылым жері жоқ дамыған елдің де жан-жағына алақан жаю қаупі қалыңдай түседі.

ТҮЙІН

Қытайлықтардың Қазақстан кәмпитінің өзін әл берер тамақ көретіні шекара аумағында сатылатын қазақтың ауыл шаруашылығы өнімдерін талап әкететіні табиғи өнімнің қадірін көрсетеді. Бірақ, қазаққа тоқмейілситін күн туған жоқ.

Көршілеріміздің қоймасындағы тағамын таразыға тартып, халқының ішіп-жемін өлшей бастауы – дағдарыс құйынынан хабар берсе керек. Бұдан қаржы саласын ысырып қойғанда, азық-түлік дағдарысының да иісі шығатын секілді.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button