Зинат Балтабаева: «Ауданда ахуал қалыпты»
Пандемияның таралмаған жері қалмады. Ірі қалалардан басталып, шалғайдағы ауыл-ауылдарға жетті. Бүгінде, коронавирус инфекциясының таралуы саябырлаған кезде, өмір үшін күрескен күндер туралы айтуға болады. Біз Нұра аудандық орталық аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Зинат БАЛТАБАЕВАНЫ сөзге тарттық.
– Зинат Байбекқызы, COVID-19 инфекциясы халықты әбігерге салды. Коронавирус инфекциялар тобы бұрыннан белгілі болғанымен, адамзат бұл түрімен алғаш рет бетпе-бет келді. Осы ретте аудан дәрігерлерінің әрекеті қандай болды?
– Расымен де вирустың бар екеніне алғашқыда сенбеген еді көпшілік. Кейін халық жаппай ауыра бастағанда, үреймен біраз абдырап қалғаны жасырын емес. Біздің өзіміз бастапқы кездері емделушіге қалай қолдау жасау керектігін білмедік. Қорқынышты болды. Кейін бекітілген хаттамамен жұмыс істеп, науқастарға медициналық, психологиялық жағынан да барынша көмек беруге тырыстық. Дәрігерлер «вахталық» әдіспен жұмыс істеді. Олар үшін жағдай жасалды. Жұмыс барысында инфекция жұқтырғандар болған жоқ. Жұмыс барысынан тыс вирус жұқтырғандар бірден үй карантиніне жіберілді.
– Ал, қазіргі таңда аудандағы эпидемиологиялық жағдай қалай?
– Жалпы Нұра ауданы бойынша инфекцияға ПТР тапсырғандар саны – 1719 адам. Оның 245-інен вирус анықталса, қазіргі таңда соның 234-і жазылып шықты. Өткен апта қорытындысы бойынша 5 адам ем алып жатыр. Аудандық аурухананың бір бөлігін провизорлық стационар ретінде жабдықтаған болатынбыз. Сол жерден 38 орын әзірленді.
Қазір жағдай жақсарып келеді. Жедел жәрдемді тұмау белгілерімен, дене қызуымен шақыртулар азайды. Карантин уақытында емханада екі мобильдік топ құрылды. Топ – фельдшер мен екі медбикеден тұрады. Олар ЖРВИ белгілері мен пневмониясы бар науқастармен, стационардан шыққан емделушілерді үйлеріне барып қадағалайды. Сатурациясын өлшеп, жағдайын бақылап, ауруды асқындырмаудың әрекетін жасауда. Созылмалы аурулары бар науқастар, аяғы ауыр әйелдер мен балалар да назардан тыс қалған жоқ.
– Коронавирус шарықтау шегіне жеткенде облыс тұрғындарының өзі дәрі-дәрмек іздеп кетті. Ал, ауыл халқы қалай амалдады?
– Қазіргі таңда аудандағы ахуал қалыпты. Орталық аудандық аурухананың әлеуметтік дәріханасында антибиотиктер, ыстық түсіретін дәрілер жеткілікті. Инфекциялық бөлім емделушілері толық қамтамасыз етілген. Емдеу мекемесінде бір стационарлық және екі тасымалды өкпені жасанды желдету аппараты бар. Тағы бір аппаратқа сұраныс жасап отырмыз. Ауданда аппарат жетіспеушілігі болған жоқ. Себебі, оны қолданатын да жағдай орын алған жоқ.
Осындай кезде облыстың денсаулық сақтау басқармасы мамандары үлкен қолдау көрсеткенін айтқым келеді. Күн сайын біз емдеу барысында туындаған мәселелерімізді айттық, емделушілеріміз үшін онлайн кеңестер алдық. Дәрігерлерімізге семинарлар мен вебинарлар ұйымдастырылды. Амбулатория, стационар деңгейінде ем жүргізудің әдістері туралы ақпараттар жіберіп отырды. Бұл бізге көп көмек болды. Мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындарға жеке бас тазалығын сақтап, сақтық шараларын ұстану керек дегім келеді. Карантин аяқталғанымен, вирус жоғалып кетпейді. Сондықтан, қолды сабынмен жиі жуып, адам көп жерге бармаған абзал. Тәртіп ережелерін сақтауды жалғастырған жөн.
– Сұхбатыңызға рахмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.