Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың праймериздің басталуына байланысты ҮНДЕУІ
Құрметті отандастар!
Пандемия салдарынан Қазақстан бүкіл әлем елдерімен бірге күтпеген қиындықтарға тап болып, жаһандық дағдарыстың ең қиын кезеңін бастан өткеруде.
Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы нәтижесінде дамыған мемлекеттер де дағдарыспен күресуде.
Мұндай жағдайда кез келген үкіметтің алдында тұрған ең өзекті мәселе – экономиканың дамуы және ел азаматтарының денсаулығы.
Бізге халықтың қауіпсіздігі мен амандығы үшін бар күш-жігерімізді салу маңызды.
Сондықтан Президентіміз, Үкіметіміз көп шараларды қолға алып жатқанын білесіздер.
Осы орайда медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін.
Олар пандемияның алғашқы күндерінен бастап коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр.
Еріктілерге де алғысым шексіз.
«Біз Біргеміз!» акциясы аясында ғана «Jas Otan» барлық мұқтаж жандарға қолдау көрсеткен бес мың еріктінің басын біріктірді.
Әрине, кемшіліктер де болды.
Коронавирус дағдарысы мемлекеттік басқарудың кейбір салаларында олқы тұстар бар екенін де көрсетті.
Жедел әрекет ету жағы жетіспей жатты, мәселенің шешілуі бюрократиялық кедергілерге кеп тірелді.
Мемлекеттік органдар мен кейбір басшылар халықтың нақты проблемаларын жете сезінбейді деген сын айтылып жүргенін мен жақсы білемін.
Бұл барлық деңгейдегі депутаттардың да жұмысына қатысты.
Оны көбіне орынды сын деп есептеймін.
Депутаттар халықтың ортасында болып, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге тиіс.
Депутаттардың міндеті – әрдайым ел мүддесін қорғау. Осыны ұмытпауымыз керек.
Құрметті отандастар!
Осыдан үш жыл бұрын конституциялық реформалар жүргізілді.
Партиялық-саяси жүйені терең жаңғыртуға негіз қаланды. Парламенттің рөлі мен Үкіметтің есептілігі күшейтілді. Өкілді органдарды сайлаудың пропорционалды жүйесіне көшу жүзеге асырылды.
Биыл саяси партияларды тіркеудің сандық шегі екі есеге азайтылды.
Партиялардың сайлау тізімінде əйелдер мен жастар үшін 30 пайыз міндетті квота қаралып, ол заңмен бекітілді. Партиялар билікке жаңа тұлғаларды – өз саласының мамандарын, беделді көшбасшыларды, ел тағдырына жаны ашитын, шешім қабылдап, сындарлы ұсыныстар жасай алатын адамдарды ілгерілетудің қайнар көзі болуы керек. Nur Otan өзінің тарихи жауапкершілігін сезіне отырып, «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» бағдарламасын қабылдады.
Бүкіл еліміз бойынша ауқымды праймериз өткізу биліктегі партияның «қайта жаңғыруының» нəтижесі болады. Бұл – партия ішілік сайлау. Бұл шынайы əлеуметтік лифт. Қатаң іріктеу, жаңа идеялар мен жобаларды іздеу.
Бұл идеяны көптеген белгілі саясаттанушылар мен қоғам белсенділері қолдады. Бұлар белсенді азаматтық ұстанымы бар, Nur Otan-ды қолдаушылар лигасына біріккен жəне реформаларға қатысуға дайын адамдар.
Біз партия ішіндегі ашықтық пен есептілік үшін қажетті жағдайларды жасадық. Ең бастысы – ашықтық пен адалдық, барлық қатысушылар үшін тең жағдайлар мен бəсекелестік. Азаматтарды толғандыратын мəселелер сенім мен өзара сыйластық ауанында қозғалатынына сенімдімін.
Айтылған мəселелерді партия назарына алуы керек. Сайлауалды бағдарламаларды қоса алғанда, барлық шешімдер, əр ауданның, қаланың, облыстың бюджеттік мүмкіндіктерімен байланысты қабылдануы керек.
Елдің алдында пандемиядан кейін экономиканы қалпына келтіру, жұмыс орындарын құру, шағын жəне орта бизнесті жандандыру мəселесі тұр.
Сондай-ақ, пандемиямен күресу мəселесін талдап, оның ықтимал екінші толқынына дайындалу қажет.
Мұның бəрі партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, нұротандықтардың алдағы 5 жылдағы іс-қимылдарының негізі болады.
Мен барлық партия мүшелері мен Nur Otan-ның жақтастарын еліміз үшін маңызды саяси шараға белсенді қатысуға шақырамын!
Құрметті отандастар!
Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында тұрмыз.
Ғасырға тең келетін жол жүріп өттік.
Біздің буын ауыртпалығы мол дағдарыс кезеңінде егемен мемлекет құрды.
Ұлттық экономика қалыптасты.
Шекарамыз шегенделді.
Қазақстан әлемге бейбітсүйгіш ел ретінде танылды. Біз тұрақтылық пен келісімді сақтай білдік. Біртұтас ұлтқа айналдық.
Бірақ алдымызда әлі де көптеген қиындықтар бар екені анық.
Мен әрдайым айтып келемін және қазір де қайталап айтамын: «Тәуелсіздікке қол жеткізу бір бөлек, оны көздің қарашығындай қорғап, нығайтып, келер ұрпаққа тапсыруға тиіспіз».
Сондықтан жиған тәжірибемізге сүйеніп, өткен күннен сабақ алып, алға ұмтылуымыз керек.
Ортақ мақсат – елдің ертеңі, халықтың болашағы жолында біріге алатындар ғана табысқа қол жеткізетінін ұмытпайық.