Руханият

АҚИҚАТ: «азат ойды құтқару…»

Әл-Фараби еңбектерін там-тұмдап түйсініп, дәмін татып, иісін сезе бастағандардың қай-қайсы болсын әлем ұстазының логика мен ғылымға иек сүйегенін айтады. Зейін қойып оқи бастаса, қарапайым оқырманға да байқала бастайды. Қатып қалған қасаң қағидалардың сеңі сөгіліп шыға келеді. Қазақ Исламның өзіне Фараби ілімін оқып барып бет бұрса деп ойлайсыз, алайда, ғұламаның ғибратын жіліктеп түсіндіріп жатқан фарабитанушылар жоқтың қасы сыңайлы. Бар ғылымның атасы Әбунасыр баба еңбектерімен қаруланған қоғам адаспасы ақиқат. Бірақ, қазір қайда, оның еңбектерінің аудармасының өзі айбақ-сайбақ. Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа. Сондықтан, оқу-білімге ынталы оқырман болмаса, Фарабиді екінің бірі бірден байыптап кету қиын. Аударманың тілі жатық емес, мағыналық кемістіктер де, ой желісі де бұзылып кеткен жерлер аз емес. Екіншіден көбіне-көп ғылыми трактаттар болған соң, балталап оқуға тура келеді. Бірден түсініп кетуге ауыр. Милығып біраз жүресіз. Оқыған бойда ұғына қоюдың өзі миға салмақ. Мынадай жеңілтек заманның перзенттері оны керек қыла бере ме? «Ас қорыту – жарты күн, ой қорыту – өмірлік» (Мирас Асан) қой. Фарабиден қалған мәңгілік мұраттың бір ұшығы осы ой қорыту болса керек.

«Адамзаттың асыл қазынасы ғылым жетістіктері мен азат ойды құтқару жұмысы. Адам тек қана ғылым дамыған мемлекетте өмір сүруі тиіс. Ал ғылымға, білімге, өнерге тосқауыл қоятын мемлекетті тастап кетіп қалуы керек! Адам тылсым күштердің құлы немесе құрбаны емес, керісінше өз тағдырының иегері. Адамның өмірлік парызы жұмақта емес, осы өмірде жетілу, бақытты болу, ізгі қоғам құру. Дүниені жаратуда Құдайды жоққа да шығара алмаймыз. Ол бірінші себепші ғана. Дүние өз табиғи заңдылықтарымен жаратылған. Химиялық, биологиялық, физиологиялық, физикалық. Философия бірінші кезекте болса, дін екінші кезекте. Жаратушы адамның әр ісіне араласпайды, жердегі әмірші, көктегі Құдайдың көлеңкесі емес» дейді Фараби ілімі. Бұл – ғалымның ғылыми трактаттарының әр жерінен алынған үзінділер жиынтығы. Біле-білгеннің барлық өміріне бағдаршам. Адастырмас темірқазық.

«Адамзаттың асыл қазынасы – ғылым жетістіктері мен азат ойды құтқару жұмысы» депті ғұлама. Бұл жерде оның «адамзаттың асыл қазынасы» дегенін адамзаттың ең асыл қасиеті, басты борышы деп түсінсек, бірінші орында тұратын – ғылым екен. Біз жоғарыда да қаперлегенбіз, Фараби дін емес, үнемі ғылым мен логикаға сүйенгенін. Абай да айтты, «ғылым таппай мақтанба» деп. Осы ғылымыңыз аспаннан келмейді, оқу мен білімнің баласы. Елдің де, ердің де мұраты – оқу-білімнен туындайтын ғылыми жетістік әрі оның игілігі болса керек, ендеше. Демек, кез келген жеке тұлға ой мен істің адамы болуы тиіс деген сөз. Ойлаған ой, жасаған жоба адамзаттың, құрығанда ауылдастың игілігіне аспайынша болмайды.

Ал, «азат ойды құтқаруы» – адамның ішкі рухы мен еркіндігі. Өте қиын нәрсе – өзіңді сақтау. Жемқорлықтан, парақорлықтан, жүйенің бұрауы сияқты толып жатқан дүниелік кеп. Қысқасы, тура жолдан таймау. Абайша айтса, «қызық келсе – қызықпау, қайғы келсе – құламау, жүрек түбіне үңіліп, жан қалауын іздеу». Азат ой, тәуелсіз рух қашанда әділетті сүйеді, соны жақтап шығады. Оның да қаруы білім. Сауатың, білімің болмаса, қазір соқыр сенім мен жалған ақпараттың жетегінде кететін заман. Көлденең келген ағыстардан өзіңді сақтап қалудың өзі бір мұңға айналып отырғаны тағы аян.

«Адамның өмірлік парызы – жұмақта емес, осы өмірде жетілу, бақытты болу, ізгі қоғам құру» екен. Оның да әлеуметтік, саяси астарын аударып, жіліктеп түсіндіреді ғұлама. Қараңыз: «Сау ағза мүлтіксіз жұмыс істейді, бір-бірінің дұрыс жұмыс істеуіне көмектесіп, септігін тигізеді. Ағзаны басты мүшелері бас (ми) және жүрек басқарып, басқа мүшелерге бір істердің дұрыс және мезгілінде атқарылуын талап еткеніндей қала басшысы да төмендегілерден талап етуі тиіс. Жүрек басқа ағзалардың бірігіп, белгілі бір жүйемен жұмыс істеуін ұйымдастырғаны секілді, қала басшылары да сол жүйені құрып, оның мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіс. Жүрек денеде орын алған кез-келген орынсыздықтың барлығын жойып отыратыны секілді, басшы да қалада орын алған әрбір келеңсіздіктерді жойып отыруы керек. Қала басшысы алты түрлi қасиетке ие болуы керек деп есептейдi. Олар: даналық, асқан пайымдымдылық, сенiмдiлiк, ойлау қабiлетiнiң жоғары болуы, соғыс өнерiн жетiк бiлуi, денсаулығының мықты болуы шарт. Осынша ізгі қасиет бір адамның басынан табыла беруі мүмкін болмаса, онда сондай қасиеттері бар алты адам бірігіп басқарсын (яғни парламенттік жүйені меңзеп отыр ғой). Ізгі қала: Ізгілікті дана. Заңды бұзбауға тиіс. Ісімен де, сөзімен де үлгі болып, қала бақуатын ойлауы парыз. Егер бір адамның басынан табылмаса алты адам басқарсын. Тұрғындары ешқашан бақытты болып көрмеген, әлі оған ұмтылудың не екенін білмеген қала – болмаған қала».

Біз «тарихты тұлғалар жасайды» дейміз ғой. «Ізгі қала: ізгілікті дана» дегені – сол. Яғни, Фарабидің қаласын ұлт немес ұлыс (бірнеше ұлттардың жиынтығы) деп түсінген дұрыс. «Тұрғындары ешқашан бақытты болып көрмеген, әлі оған ұмтылудың не екенін білмеген қала – болмаған қала» дегенін өзінің даму жолын таппаған, халқы бақытқа қол жеткізбеген ұлт – пісіп-жетілмеген ұлт деп сабақтай берсек, тағы да қазақ қоғамының кемшіліктерін теріп кетеміз. Ал, Фараби еңбектерін қотарып ішкен қоғам қашанда ізгі қоғам құрып, ынтымақта өмір сүрері анық. Оның бір мысалы, туа сала Конфуций еңбектерімен көзін ашқан қытай халқы. Біз басында соны айтқымыз келген.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button