Ресми

Босалқы жерлер иелерін табады

Жер – басты байлығымыз. Оны, әсіресе, босалқы жерлерді ел игілігіне тиімді пайдалану – бірегей міндет. Осы мақсатпен Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасы бос жатқан жерлерді бәсекелі ортаға шығарады. Іскер азаматтар өз бизнес-жоспарларын ұсынып, конкурсқа қатысады.


Конкурстан жеңіп шыққандарының бастапқы жоба-жоспарларына сәйкес, іске кірісуі – заңдылық. Ауыл шаруашылығы жерлері егістік, жайылым немесе шабындық болып бөлінетіні белгілі. Сондықтан, шаруа қожалықтары өздері айналысатын бағыттар бойынша қажетті алқаптарға қол жеткізуге мүдделі.

Алқаптарды жалға беру мерзімі – оны қандай мақсатта пайдалануларына байланысты.
Жер Кодексінде жалға алудың 5 жылға дейінгі қысқа және 49 жылға дейінгі ұзақ мерзімдері қарастырылған.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар агросектор саласын таңдаса, міндетті түрде шаруа қожалығын ашуы тиіс. Тек, сонда ғана, тиісті жер телімін шамамен 5 жылдан 49 жылға дейінгі аралықта жалға ала алады.

Содан кейін, аудан әкімдіктерімен келісім-шарт жасасып, кәсібін дөңгелетуді бастайды. Жыл сайын сол келісім-шарт бойынша жердің гектарына есептеп, жер салығын уақытылы төлеп отыруы тиіс.

– Егер, жерді жалға алушы жерді дұрыс пайдаланбаса, салық мөлшері 10 есе артады.
Алдымен жер телімінің иесіне ескерту жасалады. Одан соң арнайы комиссия келіп, тексереді де, кемшіліктерді жоюға уақыт береді. Ал, мұнан да нәтиже шықпаса, жер мемлекет қарамағына қайтарылады, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының жерді пайдалануды жоспарлау және болжау бөлімінің басшысы Ақмарал Мұқашева.

2020 жылға арналған босалқы жерлерді, ауыл шаруашылығы алқаптарын айналымға тарту жоспарының орындалуы осындай мақсат-міндеттерді қамтиды.

«100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының «Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу» 35-қадамына сәйкес, 2020 жылы облыс бойынша босалқы жерлерден 643,2 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын айналымға тарту жоспарланған.

2020 жылдың I жартыжылдығында нақты айналымға 440,1 мың гектар жер тартылған. Олар қолынан іс келетін азаматтарға жалға берілді.

Оның ішінде, 7,4 мың гектар – егістік, 1,7 мың гектар – шабындық, 422,3 мың гектар – жайылымдар.

Биылғы жылдың 6 айы ішінде облыстық жоспар 68,4% орындалған.
Жоспардың орындалуы – әр ауданда әртүрлі. Бұл ауданның өзіне тән табиғи ыңғайлылықтарына байланысты. Мәселен, Абай ауданында 69% болса, Қарқаралы ауданында – 127%. Ал, Ұлытау ауданында 92%-ды құраса, Шет ауданында – 142%-ға тең. Жезқазған қаласында 240%-ға жетсе, Сәтбаев қаласында 100% болып отыр. Ал, Балқаш қаласында 96%-ды құраған.

2020 жылдың I жартыжылдығында облыста 103 шаруа/фермерлік қожалықпен ауыл шаруашылығы құрылымдары құрылған.

Облыстық жер қатынастары басқармасының егістік алқаптарды айналымға тартуға қатысты жылдық жоспары көзделген межеден көрінуі тиіс.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button