Өрт сөндіру бекеті ашылды

Төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы жылдың төрт мезгілінде де қызу жүріп жатады. Жаздың аптап ыстығында белең алар өрттің де өз әлегі бар. Осы орайда, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бұл маусымға тыңғылықты дайындалады.

Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында Томар ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Ауылдық округ әкімшілігі мен «Ақжол» шаруа қожалығы арасында меморандум жасалып, шаруашылық есебінен су құюға қолайлы тіркемесі бар МТЗ тракторымен қамтылды. Аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа өрт сөндіруге арналған техникалық құрал жабдықтар мен өрт сөндіру мотопомпасы алынды. Бекет қызметкерлері арнайы киімдермен қамтамасыз етілді. Аталмыш бекет Бақты, Томар, Татан елді-мекендерінде шұғыл жағдай орын алғанда қызмет көрсететін болады.

Сондай-ақ, суда шомылу кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында арнайы оқу жаттығу жұмыстары өтті. «Қоғамдық құтқару бекеттерінің құтқарушы-жасақшысы» курсы бойынша облыстық ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ кәсіби мамандары теориямен қатар тәжірибелік дәрістер өткізді. Адамдардың суда қауіпсіз шомылуын қамтамасыз ету мақсатында «Кенші» демалыс орнында орналасқан көлде тазарту жұмыстары жүргізіліп, адам денсаулығына зиян келтіретін қалдықтар тазаланды.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.