АймақЖезқазған

«Жол картасында» – қырық жоба

Жезқазған қаласының әкімі Қайрат БЕГІМОВ онлайн режимде баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте екі мәселе екшелді: қалада қалыптасқан эпидемологиялық жағдай және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының орындалу барысы тілге тиек етілді.

Маусымның ортасына қарай карантиндік режим қайта күшіне енгеніне қарамастан, қалада короновирустың құрығына іліккен адам қатары азаймай отыр. Қазір инфекция жұқтырған 165 адам тіркелген. Соның емделіп шыққаны – 29. Аймақта індеттің таралуына тосқауыл қою мақсатында «Қазақмыс» компаниясының қаржылай қолдауымен таяуда медициналық орталықта ПЦР тәсілімен гендік-молекулярлық зерттеу жасайтын зертхана ашылды.

Бірақ, әр адамның өзі абай болмайынша, жұмсалған еңбек оң нәтиже бермейтінін ашық айту керек. Сондай-ақ, көпшілік орында карантин талабы қатаң сақталуы тиіс. Ал, карантин кезінде жедел топ жүргізген 697 тексеруде 24 нысаннан қойылған талапқа жүрдім-бардым қарау жағдайы кездескен. Таза шектен шыққан төртеуі әкімшілік жазаға тартылып, қомақты қаржылай айыппұл төлеген. Содан қалғаны тиісті қорытынды шығарып жатса, қане?! Қазір қалада әлі 19 нысан ашылмағанын айта кетейік.

Жұмыспен қамтудың жол картасына қаладан 40 жоба енген. Оның төртеуі облыстық деңгейде: қазақ-түрік лицейі (білім басқармасы), тарихи-археологиялық музей мен қалалық мемлекеттік архив (мәдениет, архивтер және құжаттандыру басқармасы), олимпиадалық резерв даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (денешынықтыру және спорт басқармасы).

Қалалық деңгейдегі 36 жобаның үшеуі – білім, біреуі – мәдениет, үшеуі – құрылыс, 29-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласынан. Бүгінде 8 жоба жүзеге асырылды, үшеуінде жұмыс аяқталуға таяу, алтауында шаруа шілдеде қолға алынады. Жалпы 1098 жұмыс орны ашылып, 550 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы орналасады. Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желі, теледидар арқылы ақпараттық-түсіндіру тұрақты жүргізіліп келеді.

Брифинг барысында қала әкімі қойылған сауалдарға жан-жақты жауап берді. 

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button