Руханият

Үміт сәулесі

«Bolashaq» академиясы «ҚарЛаг»: тарихтан – тағылым, өткенге – тағзым» ғылыми-ағарту жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Память» қоғамдық қорының төрағасы Болат САҒЫНДЫҚТЫҢ «Үзілмес үміт» кітабын шығарды.

Болат Мағазұлы әкесі 1937 жылы тұтқындалғанда бір жастағы бала екен. Отбасы «Мағаз Сағындықов 10 жылға сотталды» деген жауапқа қанағаттанып жүреді. Сталин бақиға озған соң бозбала Болат әкесін іздей бастаған. 1955 жылы «Мағаз Сағындыков 1943 жылғы қыркүйекте Қарағанды облысының қамау орындарында туберкулезден қайтыс болған» деген жауап алады.

Қызылжарда Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған кешенді мемориал бар. Ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, депортациялау құрбандарына арналған монумент 2005 жылы орнатылып, 7 628 адамның аты-жөні жазылған ескерткіш қабырға 2013-2015 жылдары салынған. Соның бәрінің бастау-қайнарында Бөкең тұр. Ол – саяси қуғын-сүргінге қатысты бірнеше жинақтың бастамашысы әрі шығарушысы.

«Әкемнің қабірін тапсам» деген үміт 2018 жылы оны Қарағандыға «жетелеп» алып келді. «Кебінсіз, жаназасыз жерленгендер қорымының бірін көрсетіңіздер. Соның бір шөкім топырақ алып, елден әкелген топырақты сепсем, соны көңілге медет етер едім», – деген еді ол.

Қайраткер қарияның арманы – сондай қорымдарға зират мәртебесін бергізу, қоршалып, абаттандырылуына қол жеткізу. Солтүстік Қазақстанда біраз жұмыс атқарыпты. ҚарЛагтың кіндігі – Қарағанды аумағындағы қорымдарды түгендеу – ендігі мұраты.

Оның бұл бастамасына Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков толық қолдау білдіріп, ақсақалдың кітабын шығаруға көмек қолын созды.

Міне, сол жинақ оқырманға жол тартты.

Болат СЫЗДЫҚ,

 заң ғылымдарының кандидаты,

«Bolashaq» академиясының профессоры.

Басқа материалдар

Back to top button