Жалпы, қателесуге хақысы жоқ екі маман бар. Бірі – дәрігер. Екіншісі – құрылысшы. Бұл екеудің арасында дәрігерге жаза басуға әсте рұқсат жоқ. Дәрігер қателігінің құны – адамның тағдыры, өмірі. Ал, адам өмірі – орны толмайтын, қайтып келмейтін басты байлық. Мұны неге сөз қылдық? Адам жанының арашасы атанған жандар аймақтың әр аудан, қаласында халыққа қызмет етеді. Соның бір шоғыры – Шет ауданында. Мереке қарсаңында мерейлерін тасытпақ ниетпен аудандық аурухана туралы әңгіме қозғамақпыз…
Тұма тарихы 90 жылға жуықтаған ауданның бірден-бір іргелі ұйымы – аудандық аурухана. Аудан тұрғындарына медициналық көмекті 65 төсек орындықты аудан орталығындағы, Ақадыр кентінде орналасқан 2 аурухана, кенттер мен елді мекендердегі 6 дәрігелік амбулатория, 11 фельдшерлік-акушерлік, 36 медициналық пункттер көрсетеді. Ақадыр, Ақжал, С.Сейфуллин кенттерінде және аудан орталығындағы медициналық құрылымда қосымша 60 орынға арналған 4 күндізгі стационар бар.
Аудан бойынша мамандармен қамтылу 1000 тұрғынға 13,4 промильді құрайды. Денсаулық сақтау мекемелерінде 57 дәрігер, 282 мейіргерлер еңбек етеді.
Ауылда дәрігермен қамту қашанда өзекті мәселе. Айталық, 2015-2019 жылдар аралығында ауданға 26 маман қызметке орналасқан. 11 маманға қызметтік және несиелік пәтер табысталған.
Ал, бүгінгі таңда аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылындағы аудандық орталық ауруханада күрделі жөндеу жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы мен «Жол картасы» бағдарламасының шарапаты бұл ұйымға да тиіп отыр. Жөндеу жұмыстарына аталған бағдарламалар арқылы 525,0 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда ПК «АСПАП» құрылыс компаниясы жұмысты еңсеруде.
Аудандық орталық аурухананың директоры Алпыс Аманжолов күрделі жөндеу арқылы ауруханадағы бірқатар түйткілді мәселелердің шешімін табатынын жеткізді. Мекеме басшысы кез келген медициналық ұйымның санитарлық талаптарға сай болуы керектігін және атайды.
Алпыс АМАНЖОЛОВ, аудандық орталық аурухана директоры:
– Бүгінгі күні еліміздегі барлық аурухана арнайы санитарлық ереже мен нормаларға сәйкес болуы тиіс. Күрделі жөндеудің арқасында осы талаптар орындалып, дәрігерлеріміз бен емделушілерімізге қолайлы жағдай жасалынатын болады. Осыған дейін бізде лифт болмаған. Біз осы мәселені шешу жолдарын қарастырудамыз.
Басшылық ұсынған мәліметке жүгінсек, ауданда әлеуметтік мәні бар ауруларға көрсетілер медициналық қызметке ден қойылады. Әр ұйымның тірегі материалдық-техникалық база десек, бұл бағытта көрсеткіш жаман емес. Дәлірек айтсақ, осы күні материалдық техникалық жабдықтау 62,4 пайыз шамасында екен. Заманауи құрал-жабдықтармен мүмкіндігінше қамтылуда. Ауылдың атымтай азаматтары да бұл істен қалыс қалмапты. Ақадыр кентіне құны 55 млн. теңге болатын «Мерседес» маркалы реанимобиль Н.Смағұловтың көмегімен «Б.Өтемұратовтың қайырымдылық қоры» арқылы сатып алынды.
Аудан аймағында ат төбеліндей болып, халыққа қалтқысыз адал қызмет еткен ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтар жоқ.
Мейрам СӘДУАҚАСОВ.
ШЕТ ауданы.