«Дерттен айыққан жан – олжа»

Приозерск қаласында Дәурен ЕРМЕКҰЛЫН білмейтін жан жоқ шығар. Өйткені, ол бір өзі анестезиолог-реаниматолог, онколог-хирург ретінде шағын шаһардың ауруханасында еңбек етіп келеді.

Адамдардың амандығына аса жауапкершілікпен қарайтын Дәурен 2013 жылы хирург болып жұмысқа қабылданыпты.

– «Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтылмаса керек. Дәрігер болсам деген бала күнгі арманым әкемнің қызметіне адалдығынан туындады. Әкем Ермек Елемесов пен анам Әтіркүл Селеубаева тұңғыштары мен өмірге келгенде денсаулық сақтау саласының маманы атанатынымды болжапты. Отбасымызда бес бала өстік. Қазақтың аяулы Жұлдыз есімді қызымен шаңырақ көтеріп, Әлинұр деген алтын асықтай ұл сүйдім. Ата-анам менің дәрігер болсам деген шешімімді қуана қабылдады. Медициналық жоғары оқу орнын бітірген кезде түлектердің көпшілігі балалар дәрігері, терапевт мамандығын таңдап жатады. Әуелден арманым операция бөлімінде жұмыс жасау еді. Ұстаздарымның біліктілігі осы салаға келуіме септігін тигізді, – дейді Дәурен Елемесов.

Жас маман алғаш рет жұмысқа хирург болып орналасқан кезде Мұзафар Абдоллаұлы секілді білікті дәрігердің ақыл-кеңесін өмірлік ұстаным деп білді. Қатардағы жас қызметкерден анестезиолог-реаниматолог дәрежесіне дейінгі тәжірибесі өз ісіне адал, антына берік ақ халатты абзал жанды одан сайын шыңдай түсті. 2017 жылдан бастап анестезиолог-реаниматолог мамандығын игерді.

Жас маманның айтуынша, науқастың үмітін өшірмей, оны өмір сүруге талпындыру, құштарлығын ояту, жақсылыққа сендіру қаншалықты ауыр болса, наркоз беретін анестезиологқа артылар жауапкершіліктің өлшемі де соншалықты жоғары. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Отадан кейін де ұйықтай алмай талай уайымға толы күндерді басынан кешірген.

– «Бізді адам жанының арашашысы» деп айтады. Соған лайықты болу қажет. Күн сайын таң атысымен барлық палатаны аралап, науқастардың жағдайын сұраймын. Ибн Сина айтқандай, науқас адамды ең алдымен дәрімен емес, жылы сөзбен емдеу керек. 8 жылдық тәжірибемде осыны терең түйсіндім, – дейді жас маман.

Дәуреннің сөзінше, педиатриялық емдеу аппараттарының жаңғыруы науқастың өмірін сақтап қалуға ықпалы жоғары. Сондай-ақ, дәрігердің асқан епті, шыдамды, ең бастысы, білімі мен біліктілігі жоғары болуы тиіс.

Бүгінде барлық уақытын дертпен күресуге арнап, сырқат жандарға қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген маманға емделушілердің айтары тек алғыс қана.

Нұрдос КӘРІМ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.