АймақБіздің сұхбатҚарағанды

Назгүл ОРАЗ: «БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЫ КІМ»

Қазіргі төтенше жағдай кезеңінде аурухананың дәлізінде ұйықтап, күні-түні күзетте тұрған дәрігерлер бар. Бүгінгі заманның батыры кім десе, ешкімнің жауабын күтпестен, соларды атар едім. Қалай десек те төтенше жағдай кезеңінде Алладан еміне шипа сұрап, дәрігерге күні түскендердің саны артты. Ел ішін жайлаған індетті ауыздықтауға атсалып, отбасынан жырақ, үйін көрмей жүргендер қаншама?!. Сәтбаев қаласы №1 орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің медбикесі Назгүл ОРАЗ төтенше жағдайда 24 сағат бойы індетке шалдыққан науқастардың қасында. Жедел сұхбатқа келіскен кейіпкерімізге көкейдегі сауалдарды қойған едік.

– Назгүл, вируспен ауырған науқастармен жұмыс істейтін медбике ретінде, «вирус жоқ» дейтін адамдарға не айтасыз?

– Иә, вирус жоқ дегенді алға тартып, күлкіге айналдыратындар көп. Бірақ, бұл соншалық әзіл-қалжыңға тұздық болатын нәрсе емес. «Ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес» дегендей, ауруды жұқтырмас үшін аса сақ болған жөн. Вирус жоқ деп күлкіге айналдырғандар, өз денсаулығына немқұрайлы қарап жүріп, кейіннен вирус жұқтырғанын өздері білмей қалып жатыр. Ұзақ уақыт бетперде тақпағандар, жедел-жәрдем шақырып әуре болуда. Не десеңіз де, салғырттық сан соқтыратынын ұмытпаған жөн. Жұқпалы аурумен ауырған науқастарға ем-шара қолданып жүрген соң «вирус жоқ» дейтіндерге нақты дәлелдер арқылы салмақты жауаптармен түсіндіруге тырысамыз.

– Індетке шалдыққан науқастардың қасында жүріп, үйге бармағаныңызға қанша уақыт болды?

– Індет таралған уақыттан бастап ауруханада жүрміз. Арасына бір апта демалыс қойып, 14 күннен науқастардың қасындамыз. Емханаға қабылдап, ыстығын өлшейміз, бас дәрігердің бағыттауымен уақытылы ем-домын береміз. Негізі 10 адамға бір медбике қызмет көрсететіндіктен, ауқаттануға және демалуға да уақыт жоқ.

– Қазіргі таңда Сәтбаев қаласы №1 орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөліміндегі жағдай қалай? Күніне індетке шалдыққан қанша адамды қабылдайсыздар?

– Төтенше жағдай бойынша қазіргі таңда бөлімде 20-ға жуық медицина саласының қызметкерлері жұмыс істеуде. Күніне індет жұқтырған 3-4 науқасқа дейін қабылдауымыз мүмкін. Негізі бөлім 30 науқасқа дейін қабылдауға қауқарлы болғандықтан, қазіргі таңда 20-ға жуық адам ем алып жатыр. Әр науқасқа қойылған диагноз – әртүрлі.

– Індет жұқтырған науқастармен жұмыс істеудің қиындығы бар ма?

– Ауырған адамға алдымен сабыр мен күш-жігер керек. Сонда ғана кез келген ауруды жеңіп шығуға мүмкіндік бар. Ал, жұмыстың қиындығы – күндіз-түні дерті ауыр науқастардың қасында болу. Аппаратқа жүгінген науқастар қасына сағат сайын келіп бақылауды қажет етеді. Кейбір науқастар ауа жетпегендіктен, арнайы аппараттар арқылы дем алады. Ондай пациенттердің үнемі қасындамыз.

– Сіздің кезекшілік барысында өлім-жітім жағдайы тіркелді ме?

– Аллаға шүкір дейік, өлім-жітімнен аулақпыз. Бірақ, жағдайы аса ауыр науқастар бар. Өкінішке орай, олар жайлы ақпарат құпия болып саналады.

– Жалпы медбикелер «жалақымыз көп емес» дегенді жиі айтады. Жақында төтенше жағдайды ауыздықтауға атсалысқан дәрігерлерге мемлекет тарапынан сыйақы берілетіні белгілі болды. Алғашқы сыйақыларыңызға қол жетті ме?

– Негізі ауруханадағы жұмыстардың басым бөлігі медбикелердің мойнында. Солай бола тұра, қолға алатын жалақы 80 000 теңге. Бірақ, төтенше жағдайға орай жұқпалы аурумен ауырған адамдармен жұмыс істейтін қызметкерлерге 850 000 теңге тағайындалды. Бір ай бойы карантин аймағында болғаным үшін мемлекет ұсынған сыйақыны алдым.

– Сыйақы көп болғанымен, жұқпалы аурудың әсерінен өміріңізге қауіп төніп тұрғанын білесіз. Қорықпайсыз ба?

– Пенде болған соң, басында «вирус бізге жұғады» деген қорқыныш болған. Кейін әр науқасқа қойылатын диагноз әртүрлі болғандықтан және оның емі бар екенін білген соң, ол жөнінде ұмытып кеттік.

Бүгінгі заманның батыры кім деп ойлайсыз? Әрине, дәрігерлер. Науқастар өмірін дәрігерге тапсырса, дәрігер өміріне өзі жауапты болуы керек. Оның үстіне халыққа қызмет көрсету міндетіміз болғаннан кейін, сақтық шараларын бұлжытпай орындап жүрміз. Кез келген жағдайда сабырлы әрі өз ісінің шебері болуымыз керек. Бізден халық осыны талап етеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button