КоронавирусРесми

Карантин күшейтіледі

Алдағы демалыс күндері Қарағанды облысында карантин шаралары күшейтіледі. Бұл туралы «Saryarqa» арнасының тікелей эфирінде өткен баспасөз мәслихатында аймақтың бас мемлекеттік-санитарлық дәрігері Қанат АСҚАРОВ пен Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ мәлімдеді.

20-21 маусымда сауда, ойын-сауық орталықтары, саябақтар, гүлзарлар, жағалаулар, аквапарктер, жағажайлар, азық-түлік базарлары мен фитнес-залдар жабылады.

Туристік аймақтарға кіруге тыйым салынып, онда жүрген адамдар маскалық режимді және әлеуметтік қашықтықты сақтауы тиіс.

14 жасқа дейінгі балаларға ересектерсіз үйден шығуға тыйым салынса, 65 жастан асқан адамдарға аса қажеттілік орын алмаса көшеге шығуға болмайды.

– Барлықтарыңызды осы нұсқаулықтарды мүлтіксіз сақтауға шақырамын. Естеріңізде болсын, қасыңызда балалар, жүкті әйелдер, қарттар және созылмалы ауруы бар адамдар жүруі мүмкін. Олар COVID-19 ауруы бойынша тәуекел тобына кіреді. Денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың өмірі сіздің қолыңызда, – деді Қанат Асқаров.

Оның айтуынша, облыс орталығының медициналық мекемелері өз мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істейді.

– Індет басталған тұста оның бар екендігіне сенетін адамдар аз болса, қазір ол туралы күмән болмауы керек. Өйткені, көбіміздің туыстарымыз бен жақындарымыз коронавирус инфекциясын жұқтырды.

Бетперде, қолғап киіп, антисептиктерді пайдалануыңызды, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болуларыңызды сұраймын. Санитарлық нормаларды қаншалықты қатаң ұстансақ, соншалықты жақын арада қалыпты өмірге қайта орала аламыз, – деді қала әкімі.

«Аймақта карантин шаралары қашанға дейін созылады?» деген сұраққа, «облыста карантиндік шаралардың жеңілдетілуі індет жұқтырудың статистикасына байланысты болмақ. Шектеулерді жою үшін инфекцияның күнделікті өсуі апта бойы 7% аспауы тиіс» деп жауап берді мамандар.

– Сондай-ақ, облыстың қалалары мен өңірлері бойынша коронавируспен сырқаттану статистикасына жеке-жеке назар аударамыз. Жағдайды тұрақтандыруды ескере отырып, одан әрі карантинді жеңілдету және оның бұрын енгізілген жекелеген шараларын алып тастау бойынша шаралар қабылданады, – деп түсіндірді Қанат Қырғызбайұлы.

Оның мәлімдеуінше, Қарағанды облысында қазірдің өзінде 961 үй ошағында коронавирус инфекциясы тіркелсе, оның 400 жағдайы түрлі объектілер, кәсіпорындар мен ұйымдар болып отыр. Сондықтан да, күрделі жағдайда жауапкершілік танытып, әрқайсымыз індетпен байланысты жағдайдың өте маңыздылығын түсінуіміз керек. Қарапайым санитарлық талаптар мен қауіпсіздік ережелерін орындап, қоғамдық іс-шараларға бармауға тиіспіз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button