20 наурыз – Ұлттық спорт күні
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл бүгінде жай ғана күнтізбелік мереке емес, терең мазмұнға ие рухани жаңғыру кезеңіне айналды. Көктеммен бірге жаңарған тіршілік секілді, ұлттық ойындарымыз бен салт-дәстүріміз де жаңа серпін алып, ұрпақ санасына қайта сіңіп келеді…

Ұлттық спорт – қазақ халқының болмысын айқындайтын рухани-мәдени құндылықтардың ажырамас бөлігі. Бұны біз дене шынықтыру немесе бәсеке алаңы ретінде қабылдамауымыз керек. Шын мәнінде, ұлттық спорт – тұтас бір үлкен тәрбие мектебі. Әрі мінез бен болмысты қалыптастыратын өмір сабағы. Ал, ат үстінде өскен көшпелі жұрт үшін әрбір ойын, әрбір жарыс күнделікті тіршілікпен етене байланысты. Жүйрік міну, күреске түсу, жамбы ату – мұның бәрі жауынгерлік дайындықтың, ептілік пен төзімділіктің, батылдық пен шеберліктің көрінісі еді.
Мәселен, кең дала төсінде дүбірлеткен бәйге жылдамдықтың жарысы емес, төзім мен баптың сыналар алаңы. Көкпар болса, жігер мен қайраттың, бірлік пен батылдықтың айқын көрінісі іспетті. Ал, қазақ күресі тек білектің күшін емес, жүректің қайратында сынайды.
Ұлттық спорттың тамыры тереңде жатыр. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бастау алған жауынгерлік машықтар уақыт өте келе, ойын сипатында жалғасып, халықтың күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналды. Бүгінде ұлттың өмір сүру салтымен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жеткен асыл қазынамыз. Бүгінде ұлттық спорт жаңа сипатқа ие. Заманауи форматта дамып келеді. Республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, қазақтың төл ойындары әлемге таныла бастады. Осыған қарап-ақ, ұлттық құндылықтардың жаңғыруы мен ұрпақ сабақтастығының айқын көрінісін аңғаруға болады.
Қарағанды өңірі – қазақтың ұлттық спорт дәстүрін жаңғыртуда алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі. Мұнда ұлттық ойындарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала мен аудандардағы мектептерде, мәдени орталықтарда ұлттық ойындар үйірмелері ашылып, балғындар мен жастардың қызығушылығы күн санап артып келеді. Жамбы ату, қазақ күресі, көкпар сияқты спорт түрлерінен облыстық турнирлер тұрақты түрде ұйымдастырылып, жас спортшыларға өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берілуде. Осы тұрғыда Қарағанды өңірі жастарды ұлттық құндылықтарға баулуда, олардың қызығушылығын арттыруда айрықша үлгі көрсетіп отыр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



